Оралдың бас жоспарынан Зашаған кентінде салынуы тиіс балабақша жобасы жоқ болып кетті

Оралда Зашаған кентінің тұрғындары қаланың бас жоспарында бұрын болған балабақшаны таппай дал. Дәл үйлерінің жанынан салынуы тиіс нысанды іздеген олар талай табалдырықты тоздырған. Бірақ тиісті тараптардан әзірге нақты жауапты ала алмай отыр.

Айнұр Жомартова қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Жас отбасы қаланың бас жоспарынан балабақша жобасын көріп, Мөңкеұлы көшесіндегі көп қабатты үйден пәтер сатып алады. Бірақ кейін балабақша геоақпараттық порталдан ғайып болған. Соған орай тиісті орындарға сұрау салып, тіпті сала басшыларымен онлайн да жүздеседі. Соңында бұл жерде 9 қабатты үй салынатынын, оның бірінші қабатында жеке балабақша ашылатынын естиді.

Айнұр Жомартова, қала тұрғыны:

- Бұл шағын ауданда типтік үлгідегі 3 мемлекеттік балабақша салынуы керек еді. Оның бірі қазір жұмыс істеп тұрған «Заңғар» балабақшасы. Мөңкеұлы көшесінде тағы осындай екі балабақша салынады деп күтіп жүрдік. Бірақ қазір бұл жерде көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлердің бірінші қабатында балабақша ашу қарастырылған екен. Бұл өте қолайсыз. Өйткені үй болған соң онда бөгде адамдар жүреді. Айналада автотұрақ болады. Балалар ойнайтын алаңқайға балконнан бірнәрсе тастап жіберуі мүмкін ғой. Шаң мен тозаңның арасында балалар қалай демалады сонда?

Жоғалған балабақшаны іздеп, қалалық сәулет бөліміне біз де жеттік. 2025 жылға дейін мемлекеттік балабақша салуға бюджеттік жоспарда қаржы қарастырылмаған. Әзірге балабақша құрылысы жүргізілмейді. Сол себепті нысанның мақсатты жоспарын өзгертіп, ол жерге балабақшамен қамтылатын тұрғын үйлер салуды жөн көрдік,- дейді бөлім басшысы.

Ботагөз Түстікбай, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Бас жоспардың негізінде жасалған егжей-тегжейлі жоспарлама жобасында бұрынғысында, иә, балабақша қарастырылған болатын. Бірақ та кейін біз оны тұрғын үй құрылысына ауыстырдық. Бірақ та ол жерде балабақша мінетті түрде бірінші қабатында қарастырылатын болады. То есть ол балабақша ешқайда жоғалып кеткен жоқ, ол встройный, бірінші этажында қарастырылады.

Облыста 11 мыңдай бала балабақша кезегінде тұр. Соның 80 проценті Орал қаласында. Кезектегілердің дені 0 мен 3 жас аралығында. Ал 3 пен 5 жас аралығындағылар үшін кезек мәселесі шешілген. Сала басшыларының айтуынша, өзекті мәселені шешудің бір жолы жеке балабақшалар санын көбейту.

Светлана Темірғалиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Тек 2021 жылы 29 мектепке дейінгі ұйым ашылса, соның 26-сы жеке балабақша. Оларға 1500 үстінде бала қамтылды. Соның ішінде Орал қаласында қазіргі таңда мемлекттік 50 балабақша болса, қазіргі таңда 70 үстінде жеке балабақшалар бар.

Дегенмен, қала аумағы күн санап ұлғайып келеді. Зашаған кентінде халық саны 60 мыңға жетті. Жеке балабақшалар бағасы өте қымбат әрі барлығы бірдей талапқа сай емес. Картадан жоғалған балабақшаға қатысты сауалымызға мемлекеттік органдардың жауабы әр түрлі болды. Бұл жерде бізге түсініксіз мәселе болмауы тиіс. Бас жоспарды бұзуға не себеп болды, оны халыққа түсіндіріп қоғамдық талқылау өткізуге не кедергі? Соны білгіміз келеді,-дейді тұрғындар.

Нұрлыбек Рахман, сарапшы:

- Балабақша өте керек. Жеке балабақшалар барлығын бірдей қамти алмай тұр. Ал мемлекеттік баалақшалар құрылысы өте баяу. Сондықтан біз бас жоспардағы балабақшалардың орны неліктен үй құрылысына беріліп жатқанын түсіндіруді талап етеміз. Бас жоспардағы мемлекеттік балабақшалалар ол шамамен 500 дей баланы қамтиды, үлкен балабақша, барлық талапқа сай болады. Ал жеке үйлердің подъезіндегі балабақшалар ол 50-60 баланы қамтиды және талапқа сай болмайды, оны балабақша деп толық айтуға болмайды.

Тұрғындар жекеменшік балабақшаларға ай сайын 25 мыңға дейін төлейміз, бұл өте қымбат, дейді. Егер мұндай нысандарға субсидия төленсе, ата-ана тек баланың тамағы үшін ғана төлеуі тиіс. Ал, мемлекеттік балабақшаларда ай сайынғы төлем 8 бен 15 мың теңге шамасында.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...