Райымбек Баталов ақтөбелік кәсіпкерлердің мәселесін тыңдады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

Мемлекет субсидиясын көбіне ірі кәсіпкерлер алып, шағын бизнес өкілдері қолдаудан құр қалады. Нақты микро-бизнеске бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоқ. Ақтөбелік кәсіпкерлердің шағымы осындай.

Жер мәселесі, қағазбастылық, ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауы сияқты, мәселелер де, кәсіп қылуға кедергі келтіреді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, жергілікті іскер топпен жүздесті. Мәртөк ауданындағы шаруалармен кездесті. Олар да субсидия көбіне ірі шаруашылықтардың уысында кететінін айтты. Енді «Атамекен» осы олқылықты жою жолын жалғастырады. Ол үшін әр ауданда шаруашылықтың ерекшілігіне қарай дамыту бағдарламасы әзірленеді.

Наурызбек Сарбасов, облыстық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі:

– Бір қуантқаны – бұл жерде шағын кәсіпкерліктің дамуы туралы мәселелер қозғалды. Кәсіпкерлер сұрақтарын ашық қойып, өздерінің көкейкесті мәселелерін айтты. Осы мәселелердің шешілуіне президиум төрағасы ықпал ететінін жеткізді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Біз осы қазіргі жасалып жатқан реформалардан жаңа шешімдер, жаңа бағыт күтеміз.