Қарағандыда саяжай иелері электр қуаты үшін артық қаржы төлеп жүр

Қарағандыда саяжай иелері электр қуаты үшін артық қаржы төлеп жүр

Қарағандыда 120 мыңнан астам саяжай иесі электр қуаты үшін шамадан тыс артық қаржы төлеп келген. Жұрт ай сайын түбіртекте көрсетілген сома заңды тұлға ретінде есептелетінін айтады. Салдарынан өнімнен түскен пайданың басым бөлігі төлем ақысына кетеді екен.

Осында жиналған жұрттың дені зейнет жасындағылар. Ай сайын әр-бірі жарықтың бір киловатына 22 теңге төлейтіндерін айтады. Бұл жеке тұлғалармен салыстырғанда екі есе көп. Саяжай иелері кезінде копператив құрамына өтіп, заңды тұлға атанып кеткен. Енді қазір әр-бірі жеке-жеке жұмыс істейтіндерін айтады.

Любовь Рыбина, саяжай иесі:

– Бізге көмек көрсетпесе жағдай қиын. Қазір саяжай болғаны үшін ғана кәсіпкер көретіні ақылға симайды. Онсыз да зейнет ақы жетпей жатқан соң, қысқы азығымызды осы жерде өсіретінбіз. Сондықтан жеке тұлға ретінде заңды түрде мойындасын деп талап етемін.

Қарағанды әкімдігінің мамандары болса, мәселенің оң шешімі бар деп отыр. Бірақ, саяжай иелерінің өздері кейбір құжаттар мәселесімен жүгіруге құлық танытпаған дейді. Алайда, қазіргі күні жұрт тіпті жоғары сотқа дейін барып жеңіліп қалған.

Абзал Рахымбаев, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Негізі шешім бар, егер әрбір саяжай мүшесі жеке-жеке өздеріне счет ашып, Қарағанды жарық энергия беру мекемесімен келісім шартқа отырса болады. Дегенмен басқа саяжайлар техникалық тұрғыда, басқа да тұрғыда бұл механизмді қолдануға дайын емес.

Қарағандыда қазір 40-қа жуық саяжай кооперативі бар. Онда 120 мыңнан астам адам жжеке саяжайларға иелік етеді. Қарапайым халық өздерінің шынайы статусын мойындату үшін қайда барарын білмей дал.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев