Субсидия қайта есептелсін! Диқандар доллар бағасына алаңдаулы

Субсидия қайта есептелсін! Диқандар доллар бағасына алаңдаулы

Егін егу науқанына кірісетін қостанайлық диқандарды доллар мен еуроның қымбаттауы алаңдатып отыр. Себебі мемлекеттік субсидия АҚШ валютасының қаңтар-ақпан айларындағы бағамымен берілген. Теңгенің әлсіреуі шетелдік техникалардың, тыңайтқыштар мен тұқымдардың қымбаттауына әкелді.

Ал субсидия көлемі сол күйінде ұлғайған жоқ дейді шаруалар. Сайып келгенде бұның бәрі өндірілетін өнім бағасының шарықтауына негіз болуы мүмкін.

Көкөніс өсіруші Владимир Семейкин көліктерін сайлап, егін егу науқанына әзірлікті бастап кетті. Механизаторлар құрал-саймандарды жөндеп әлек. Шаруашылық 360 гектар жерді суарады. Қырыққабат, картоп, қызылша және сәбіз өсіреді. Бүгін аймақтағы көкөніс бағасы бірқалыпта болғанымен, күзде қымбатшылықтың белең алуын болжамдайды кәсіпкер. Себебі теңгенің құнсыздануы сырттан келетін ауыл шаруашылығы техникасы, тұқым мен тыңайтқыштар бағасының шарықтауына әкелді.

Владимир Семейкин, шаруа:

– Бұның бәрі біз өсіретін өнімнің өзіндік құнына теріс әсер етеді. Күзде сауда сөрелеріндегі баға басқаша болатыны анық. Субсидия туралы айтсақ, шетелдік валюталар курсының өзгеруі шығынды жабуға жетпейді. Былтырға қарағанда биыл анағұрлым қиын болайын деп тұр.

Шаруалар тұқым мен тыңайтқыш, реті келсе жаңа техника алсақ деп зыр жүгіріп жүр. Көктемгі дала жұмыстарына әзірлік қызған шақта нарықтағы баға өсіп барады. Субсидияда бекітілген тауарлардың құны қазіргі бағадан алшақтап кеткен.

Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» ҚФ төрағасы:

– Субсидияға қанша баға бердіңдер деп сұраймын, 182 мың теңге дейді тыңайтқыштар есептеу үшін. Ал сатып жатқандары 220-240-260-тан. Еуро өзгерген сайын комбайнның да бағасы қымбаттайды. Бірақ инвест субсидия беретін планкасы көтерілмейді. Өзгермейді.

Шағын шаруашылықтар егін егу науқанына ескі техникамен шығуға мәжбүр. Жаңасын алуға мүмкіндік жоқ. Тіпті, былтыр отандық тракторларды алуға жасалған келісім шарттардың өзі жағдайды ретке келтіретіні екіталай.

Айдарбек Нұркин, Қарабалық ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

– Ауыл шаруашылығы техникалары жылда бар-жоғы 4 процентке жаңартылады. 2020 жылы 3 процент болған. Жалпы біздің аудан бойынша машина-тракторлі парк 70 процентке ескірген.

Биыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін облысқа субсидия ретінде шамамен 27 млрд теңге бөлінді. 5 млн гектар жерге дәнді-дақылдар егілмек. Ауылшаруашылығы тауарларын өзіміз шығарғанымен оның құны шетелдік валютаға тәуелді боп тұр. Шаруалар қазіргі бағамға қарап, күзде бидайдың тағы да қымбаттайтынын жоққа шығармайды.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров