Қар суы елді мекендерге қауіп төндіруде

Қар суы елді мекендерге қауіп төндіруде

Ауа райының күрт жылынуы Павлодар облысының Баянауыл ауданының елді мекеніне де қауіп төндіруде. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары соңғы күндері бірнеше учаскені анықтаған.

Нақтырақ айтқанда, Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылына таулы өңірлерден су келді. Қар суы елді мекен бойымен ағып өткен. Дер кезінде жүргізілген шаралардың арқасында тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Бірлік ауылында да сондай жағдай: жаңбыр суы екі үйде басып кете жаздады. Жергілікті тұғындар мен құтқару қызметінің мамандары атқарған шаралардан соң қауіп сейілді. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі жағдай тұрақты. Жедел штаб өкілдері су басуы ықтимал ауылдар мен жол учаскелерін күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қар шығару және гидроқұрылғыларды тазалау қатар жүргізілуде.

Ақылбек Баяхметов, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

– Ақтоғай ауданының екі елді мекені қауіпті аумақта тұр. Шелекті және Шолақсор ауылдарына су кіріп кетуі мүмкін. Баянауыл ауданында бір жол учаскесін су шайып кетуі ықтимал. Дегенмен, жағдай тұрақты. Қар біртіндеп еріп жатқандықтан жұмысымыз штатты режимде жүргізілуде.