Теміртаудың жылу орталығында жаңа қазандық салынады

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы металлургиялық комбинатта жаңарту жұмыстарын кешенді жүзеге асырып жатыр. Өндірісті дамытумен қатар өңір экологиясын жақсартуды да жоспарлап отыр. Мәселен, жуырда жылу энергия орталығындағы №1 қазандық толық ауыстырылады. Бұл нысан қоршаған ортаны айтарлықтай ластап келген.

Теміртаудағы жылу энергия орталығындағы алғашқы қазандық сонау 1959 жылы салынған. Әбден тозғаны соншалық әупірімдеп жұмыс істеп келген. Жобалық қуатын өндіре алмады. Сондықтан «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы оны толық жаңартуға шешім қабылдаған. Жаңа қазандықтың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ.

Мәдина Қуантаева, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының экология жөніндегі директоры:

- Жаңа қазандықта отынның бірнеше түрін жағуға болады. Соның бірі табиғи газ. Магистарльді газ құбыры қаламыздың іргесінен өтеді. Сондықтан көгілдір отынның игілігін көретін күн де алыс емес.

Қазандық 100 процент жылу энергия орталығының аумағында құрастырылады. Құрылыс үш деңгейден тұрады, қазір алғашқысы аяқталған. Қазандыққа екі сатылы тазарту жүйесі бар эмульгатор орнатылады. Сүзгі ауаға таралатын шаң-тозаңды әр текше метріне 250-300 миллиграмнан 50 милиграмға дейін азайтады.

Банерджи Субхраджиоти, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жоба бойынша менеджері:

- Жылу энергия орталығының құбырын ауыстыру да жоспарымызда бар. Бұған дейін оның биіктігі 50 метр болса, енді 150 метрге жетеді. Түтін шығатын құбыр биік болған сайын одан шығатын шаң-тозаңның таралу радиусы да алыстайды. Яғни түтін іргедегі қалаға қонбайды, әрі қарай далаға кетеді.

Жылу энергия орталығын жаңғырту жұмыстарына шамамен 4 миллиард доллар қаржы жұмсалады. №1 қазандық құрылысын алдағы қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Қалған агрегаттар да жылу маусымына дейін түгел жөнделеді.

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев