Ақтаудағы қонақүйден төгілген судан теңізге қауіп төнді

Ақтаулық экологтар теңізге және Қаракөлге төгіліп келген сарқынды су құрамында нитрат пен хлоридтің қалыпты мөлшерден тым көптігін анықтады.

Жағажайдағы кешенге тиесілі құбырдан Каспийге лас су ағып тұрғанын бұған дейін айттық. Кейін қонақүй әкімшілігі әлгі құбырды алып тастады. Ал Қаракөлге шығатын екінші құбырды қазу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Экологтар екі жерден де сынама алып, зертханада тексерген. Табиғатқа залал келтірген серіктестікке 6 бірдей әкімшілік хаттама толтырылды. Уәкілетті органға қызметтік хат жолданған.

Айдос Жүсіпов, өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары:

- Заңды түрде олар рұқсатын алған. Талаптарды сақтамағандығы бойынша қазір әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Олардың 2021 жылдан бастап КОС дейді ғой, биологиялық тазарту кешені жұмыс жасамағаны анықталды. Содан жобадан ауытқушылықтар болып тұр. Рұқсатын тоқтатуды талап етейін деп отырмыз.