Бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көш басында тұр

Бруцеллез ауруы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде көш басында тұр

Бұл ауру жануарлар ғана емес, адамдар арасында да таралған. Әсіресе ШҚО-дағы 5 ауданда жағдай қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қарамастан малға вакцина салу жұмыстары жүйелі жүргізілмей отыр. ШҚО-дағы Көкпекті – бруцеллез ауруы дендеген облыстағы 5 ауданның бірі. Тіршілігі төрт түлікке байланған Қайрат Қайсановтың осыдан екі жыл бұрын 40-қа жуық ірі қарасы ауруға шалдығыпты. Малының жартысына жуығын жоқ қылуға тура келген. Енді аурудың алдын алуға баса назар аударып отыр.

Қайрат Қайсанов, шаруа қожалығының басшысы:

– Жылда жоспарлы жұмыс күзде, көктемде. Тауға да келеді, ауылға да келеді, міне, қыстаққа. Соны бәрін вакциналарын уақытында қойып жатыр. Міне, бүгін 50 бас ірі қара алды, 50-60 бастай қойдан да алды. Енді ауылда тұрып, сол үшін жүрміз ауылда, сол малға қарап.

Қазір ауданда мал дәрігерлері жеткілікті. Жас маман Саят Төлеуғазы күніне бірнеше ауыл мен қыстақты аралайды. Жыл сайынғы тексеру жұмыстарын жүргізіп, талдау үшін малдан қан алады.

Саят Төлеуғазы, мал дәрігері:

– Мен бала кезімнен малға жақын болғам. Малдарды емдеуді жақсы көремін өзі. Бүгін таңертеңнен бастап 140 бастай алып тастадық, сол жұмысты атқарудамыз.

Дер кезінде атқарылған шаралардың нәтижесінде 2 жыл ішінде Көкпекті ауылында ауру азайған. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Аурудан толық құтылу үшін мамандар вакцинаның көмегі зор екенін айтады. Алайда екпенің құны қымбат. Тек қалтасы көтергендер ғана малына вакцина салдырып жатыр.

Кенжебек Терин, Көкпекті ауданы ветеринарлық қызметінің директоры:

– Вакцинаның бір дозасы мың теңге тұрады. Ірі шаруа қожалықтары қазір малына екпе салдырып жатыр. Ал қарапайым адамдарға қиындық тудырады. Сол себепті жеке шаруалардың малына салынатын вакцина үшін мемлекет қаржы бөлсе дейміз.

Заңға сәйкес мемлекет аусыл, сібір жарасы секілді аса қауіпті ауруларға қарсы екпе үшін ғана қаражат бөледі. Сондықтан мамандар заңнамалық өзгерістер керек, – дейді. Сонда ғана елді әбігерге салған аурудан құтылуға болады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов