Түркістандық тұрғындарға дайын үйдің кілті берілмей жатыр

Түркістандық тұрғындарға дайын үйдің кілті берілмей жатыр

Түркістан қаласының Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алған тұрғындары кілтіне қол жеткізе алмай отыр. Себебі көпқабатты үйлер су және электр жарығына қосылмаған. Бұған қарамастан халық сатып алған баспанасының ипотекасын үш ай бойы төлеуге мәжбүр. 

Динара Әлиева былтыр ипотека рәсімдеп жаңа үйден пәтер алған. Бастапқыда тұрғындарға баспана кілттері қаңтар айында табысталады делінді. Өкінішке қарай уәде орындалмады. Қазір Динара өзгелер сияқты амалсыздан пәтер жалдауға мәжбүр.

Динара Әлиева, қала тұрғыны:

– Әр айда қуанып қаламыз. Міне, кіреміз деп. Олар айтады, жоқ біздің тарапымыздан бітті дейді. Әкімдік жауап береді дейді. Біресе «Жилстройға» барыңдар деп айтады. Түсінбей қалдық не істерімізді. Пәтерге де төлеп жатырмыз. Мына жақта кредит төлеп жатырмыз. Қаңтар айынан бастап. Екі жаққа ақша төлеп, қиналып кеттік.

Осындай қиындыққа үш бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары бастан кешіп жатыр. Жалпы саны 200-дей адам өздеріне тиесілі баспана кілттеріне қол жеткізе алмай жүр.

Нұржан Өшебай, қала тұрғыны:

– Азанда келесіз. Біреуді қуалап жүріп, кілтті аласыз да өз пәтеріңізді көресіз. Сосын кетесіз. Бітпесе сол неге конкурсты ойнатады? Тапсырысқа дайын тұрған кезде ойнатса, конкурстан өтіп алып, көшіп келгеннен бастап төлемақысын төлеуіміз керек. Сол істесе, ештеңе болмайтын еді. Ай сайын 120 мың теңге пәтерақысын төлеп тұрып жатырмыз. Бұдан бөлек. Сосын ипотекаға төлеп жатырмыз 120 мың теңге.

Үй құрылысы толық аяқталған. Барлық пәтер жөнделген, дейді мердігер. Бірақ коммуналдық мәселелері мүлдем шешілмегеніне бәрі көз жұма қарайтындай.

Айдын Әшіров, құрылыс компаниясының өкілі:

– Орталық трансформаторда тоқ жоқ. Оның құжаттарын өткізгенбіз. Олар жабдықты тексереміз деп жатыр. Дайын болғаннан кейін тапсырамыз. Жылы су мен жылу 4 наурызда берілді. Қазір 9, 10-үйлердің опрессовкаларын өткіземіз. Қазір дайын болды. Енді 7-үйді бастадық. Свет берілсе, келесі аптада үш үйді береміз.

Бұл мәселеге қатысты қалалық әкімдік мынадай уәж айтты.

Алмас Байжанов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

– Сырттан келетін су, кәріз, жылу және электр жүйелері ол басқа мердігер мекеменің тарапынан жүргізілгендіктен жұмыстар кішігірім кідіртілді. Яғни қаржының бөлінуі, кешігуіне байланысты осындай себептермен кешікті.

Түркістан бойынша шамамен 10 көпқабатты үй осындай проблемаға ұрынып отыр. Дайын емес үйлердің неліктен сатылымға қойылатыны түсініксіз. Қазір облыс орталығында 110 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соның жартысына жуығы жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.

Данияр Сұлтанұлы, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов, Қуаныш Әбуов