Алматыда газ беруші компания жеке кәсіпкермен дауласып жатыр

Алматыда газ беруші компания мен кәсіпкер дауласып жатыр. Қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін негізгі магистральді құбырдың дәл түбінен жеке кәсіпкер құрылыс бастаған. Мұны көрген маңайдағы тұрғындар мен газ компаниясының өкілдері дабыл қақты.

Ал бизнес иесі «жер өзімдікі, не істесем де өзім білемінге» салып отыр.

Жарты ғасырға жуық қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келе жатқан магистральді газ құбырының қазіргі көрінісі осындай. Бір шеті қазылып, бетон құйылып қойған. Ал екінші жағына қойма салынған.

«Соның кесірінен диаметрі 720 мм болатын құбырдың сыртқы қаптамаларына зақым келген», - дейді газ саласының мамандары.

Нұрсұлтан Өмірбаев, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Алматы өндірістік филиалы бөлім басшысының орынбасары:

- 2021 жылы 23 маусымнан бастап біздің ескертулерімізге осы нысан егелері ешқандай жауап берген жоқ, жұмыстарын тоқтатқан да жоқ. Диаметрі 300-ден астам құбырлардың жанында 20 метр қашықтықта жұмыс жүргізуге болмайды.

Магистральді құбыр туралы заңды ескермей құрылыс жүргізіп жатқан жеке кәсіпкер жер телімін 6 жыл бұрын сатып алғанын айтады. Аумағы 20 сотық жердің бір бөлігіне қойма салса, қалғанына көлік жуатын орын жасаған. Енді айналасын қоршауға кіріскен. Магистральді құбырдың күзет аймағын жекешелендіріп алған кәсіпкер өкілінің айтуынша, барлық құжаттары заңды.

Индира Ибрайымова, жеке кәсіпкердің өкілі:

- Бұл жеке тұлғаның жері, бұл газ құбыры керісінше біздің жерімізде тұр. Біз сотқа шағымданып, өзіміздің жерімізден алдырсақ та құқығымыз бар деп ойлаймын газ құбырын. Госакт бойынша осының барлығы жеке тұлғаның жерінің ішінде тұр. 

Бірақ сол жердің мемлекеттік актісін бізге көрсетпеді. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының өкілдері де құжатты көрмедік» деп отыр. Қаланың төменгі төрт ауданын газбен қамтамасыз етіп отырған құбырдың дауы әзірге шешімін таппады. Газ беруші мекеме алдағы уақытта сотқа жүгінбек. Магистральді құбырдың күзет аймағы шынымен жеке меншікке өтіп кеткен бе? Ол жағын құзырлы органдар анықтайтын болады.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов