Таразда әкімдік пен мердігер дауынан көпқабатты үйдің тұрғындары су астында қалды

Таразда әкімдік пен мердігер дауынан көпқабатты үйдің тұрғындары су астында қалды

Жұмысқа жауаптылар шатырды ашып тастап, 4 ай бойы жөндемеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өздері болса, ақшаны дер кезінде аудармаған әкімдіктен көреді. Салдарынан жұрт қыстан шатырсыз шықты. Бір апта бойы толассыз жауған жауыннан төбеден су ағып, бірінші қабатқа дейін жетті. Бұл ашуға булығып тұрған 11 ықшам аудандағы №30 үйдің тұрғындары. Себебі үйден береке қашқалы бірнеше айдың жүзі болған. Ал мүгедек қарап немере бағып отырған Буадат Иманбекованың жағдайы тіптен қиын. Бесінші қабатта тұратын зейнеткердің үйіне су өтіп қабырғалары көгеріп кеткен. Ал кешегі жаңбырда электр жүйесіне су тиіп тоқ ұрып өлім аузынан қалдым дейді тұрғын.

Буадат Иманбекова, қала тұрғыны:

– Шылқып жатыр. Мынаны түнгі 5-те сүрткем. Бетін құрғаттым. Астын құрғата алмаймын. Мына суды қайда жіберем мен.

Өзге пәтерлердің жағдайы да мәз емес. Жиһаздар мен көрпе-төсектері су болып жататын орын жоқ. Үйден көгерген иіс шығып тұрмыстық техникалар зақымданған. Бала-шаға туған-туыстардың үйін жағалап тентіреп кеткен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Көпқабатты тұрғын үйдің шатыры айра-жайра күйінде жатыр. Жұрт көктемгі жаңбырдың суын сәл де болса тоқтату үшін мынадай полиэтилен қаптамамен жапқан. Ал жиналған суды шлангының көмегімен төмен қарай ағызады. Алайда бұл көмектеспейді. Шатырдан аққан су бірінші қабатқа бір-ақ жеткен.

Нұргүл Оразалиева, қала тұрғыны:

– Әкімге де бардық. ЖКХ-ға да бардық.Тұрғын үйге де бардық. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Біздің жан айқайымыз. Кішкентай үйде бала бар. Зейнеткер аналар бар. Кімге керек бұл? Міне, жауапсыздықтан қыс уақытында ашуға ешкім рұқсат берген жоқ бұл үйді. Біз айтқанбыз ашпаңдар! Болды тиіспеңдер! Қысқа дайынбыз көктемде болсын сол кезде ашыңыздар дедік. Міне, қыста ашты енді көктемнің бүкіл суына біз іліктік.

Ермек Абаев, қала тұрғыны:

– Түнімен ұйықтай алмаймыз. Үйдің бәрі тазикте. Мынаны күніге барамыз. Әкімге де барамыз, әкім де жауап бермейді. Қазір шешіледі дейді. Осы жерге жауапты мамандар келеді. Екеуі де астында тұрып-тұрып кетеді. Бізді өтірік алдайды.

Бұл үй мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен тұрғындардың қайтарымды қаражат есебінен қайта жаңғыртылуы тиіс болған. Жөндеу жұмыстары 27 миллионнан астам теңгеге бағаланған. Мердігермен келісімшарт жасалып жұмыс басталған. Бірақ аяқсыз қалып отыр.

Азамат Кәрібеков, мердігер:

– Сіз маған 30 процент бердіңіз дұрыс па? 30 процент деген қанша ақша? 8,5 миллион теңге берді басында. Осы уақытқа дейін қанша жұмыс істелінді қазір біреусінің де ақшасын ала алмай отырмыз. Тұрғын үй Бақытқали беру керек. АКТ-пен бардым. Ақша жоқ деп жатыр. Бұл мемқша болса бюджеттен. Ол ақшалар қайда? Неғып кетіп бара жатырсыз Бақытқали аға? Тұрсаңызшы енді. Қашпаңыз!!!

Тұрғындармен кездесуге келген «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесі басшысының орынбасары жауаптан жалтарғысы келді ме? Әйтеуір әрі-бері жүріп қашқақтап, телефонмен ұзақ сөйлесті. Мердігер проблеманы әкімдікке қарасты мекеме қолдан жасап отыр деп санайды. Айтуынша, жина деген құжатын жинап, өткіз дегенін өткізген. Алайда қаржыға келгенде сараңдық танытып отырған көрінеді.

Бақытқали Жаңабаев, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» ЖШС директорының орынбасары:

– 4 жақты келісімшартқа қол қойған жоқ. Алайда бұл үй жөндеуден өтпеу керек еді мүлде. Онда неге бастатқыздыңыдар енді? Не себепті ақша бөлінбей отыр? Формасын әкеп өткізген жоқ. Өткен жолы формасын алып келген кезде маған не дедіңіз? Ақша жоқ! Счет заблокирован дедіңіз! Мен үндеген жоқпын. «Шыда! Бір күн шыда, екі күн шыда» Осымен қанша күн өтті. Жаңбыр өтіп кетті.

Жұрт улап-шулап жатқанда асықпай қала әкімінің орынбасары да жетті. Ашынған жұрттың айқайынан кейін ол тағайындалғанына екі апта болғанын айтып, әрең құтылды.

Жайықбай Шалдаров, қала әкімінің орынбасары:

– Қағаздардың бәрін көтерейін. Өйткені мердігеріміз бір нәрсе айтып тұр. «Таразстрой» бір нәрсе айтып отыр. Қазір шешімін табайық. Көрейік. Сосын шешімін айтам.

Әкімдіктегілер мәселенің анық-қанығына жеткенше тұрғындар тағы да етектен су кешіп күнелте тұруға тура келеді. Бұған дейін құрғақ уәдені үш ай бойы күткен жұрт енді қанша күтері белгісіз? Ал ауа райы болжамы бір апта бойы жауын жауады деп көрсетіп тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә