Қостанай облысында 84 ауыл су астында қалуы мүмкін

Әзірге қар сіресіп тұрғанмен, көп ұзамай сең жүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді оның кептеліп, суды ығыстырмауы үшін мамандар алты өзенннің мұзын жармақ. Сөйтіп, суға жол ашады.

Жалпы биыл Ресейден су аз келеді деген болжам бар. Бірақ қауіп сейілмейді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Наурыз айының екінші онкүндігі басталса да, Тобыл өңірінде қыс ызғары әлі қайта қойған жоқ. Сірескен мұз мұрты бұзылмай, мығым жатыр. Қар ағыны әлі білінбейді. Біз қазір Беймібет Майлин аулындағы Аяз өзенінің бойында тұрмыз. Өзеннің оң жағалайында Әйет ауылы, ал сол жағалауында Красносельский ауылы орналасқан. Осы өзеннің аумағында көктемде үш жерінен мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Мамандар бұл кешенді жұмыстарға сәуір айында кірісеміз деп жоспарлап отыр.

Аудан орталығы Әйет ауылы ойпат жерде орналасқандықтан, қауіпті аймаққа енген. Елді мекенді алқаптан келетін су шайып кетуі мүмкін. Ал өзеннің арнасынан асуы екіталай.

Дмитрий Жданов, Бейімбет Майлин ауданы ТЖБ бастығы:

- Аят өзенінде 15 мың текше метр мұз жарылады. Осылайша судың өз арнасымен еркін ағуына жағдай жасалады. 2018 жылы өзенге ұзындығы екі шақырымнан асатын бөгет салынды. Осылайша қызыл судан келетін апат барынша жойылды. Жалпы аудан бойынша су басу қаупі жоғары алты елді мекенді белгілеп қойдық. 500 адамға арналған эвакуациялық нысандар дайын тұр.

Қазір оңтүстік аудандардағы жағдай қауіпті боп тұр. Науырзым, Амангелді, Жанкелдин және Арқалықта «айтып келмейтін апат» наурыз айының соңында күшейеді. Бұл өңірлерде жауған қар былтырғы мөлшерден екі есе жоғары.

Зәуре Жақыпбек, облыстық ТЖД аға инженері:

- Су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерде инертты материалдар, қапшықтар, жанармай қоры жеткілікті. Қазір 572 мың текше метр қар полигондарға шығарылды. Айналмалы каналдарды, су бұру арықтарын тазалау жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Биыл Ресейден келетін су жылдағы мөлшерден аз болады деп болжанып отыр. Дегенмен қар аз деп қол қусырып отыруға болмайды. Биыл 34 елді мекен су астында қалуы мүмкін. Жалпы облыс тасқынға қарсы шараларға 632 млн теңге бөледі.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров