Алматы облысында су тапшылығы шаруашылықтарды дамытуға қолбайлау болып тұр

Алматы облысында су тапшылығы шаруашылықтарды дамытуға қолбайлау болып тұр

Осы далада тасып жатқан, құдайдың берген тегін суын пайдалана да алмаймыз. Осы бетімен сай салаға ағып, жерге сіңіп кетеді. Ал ертеректе тоған байлап, суды сақтап қоятын. Сосын ол жердің шөбі де бітік шығатын. Мал суғаруға құдық та іздемейсің. Қазір соның бірі жоқ. Бар болса да жамап жасқаумен зорға тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқа-басқа, Нарынқолдың өзінде суармалы алқапқа су апаратын каналдар мен тоғандардың көбі бітеліп қалған.

Сартаубай Мүсірбаев өткен жылдың қазан айында Нарынқолға Жамбыл облысынан 686 бас еділбай қойын алып келіп, өсіре бастады. Қазір алғашқы төлін алып жатыр. Алайда қақаған қыстың ортасында жем-шөбі таусылып қалып, қатты қиналды. Мал шығынға ұшырамас үшін 500 шақырым жердегі Балқаш ауданынан 300 руллон жоңышқа мен 6 тонна ұнтақталған жем сатып алып, Сарыжазға тасыды. Бақанастан әкелінетін әрбір руллон шөптің бағасы – 17 мың теңге. Алмасқа тағы амал жоқ. Өйткені алда мал төлдету науқаны тұр еді.

Сартаубай Мүсірбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Су жоқ. Құрғақшылық болды. Шөп өспейді. Аз шөбімізді жинап алдық та, малды бағып жатырмыз, міне. Шөп сатып алдық Бақанастан.

Райымбек ауданында 238 мың бас қой-ешкі, 60 мыңға жуық ірі қара, 40 мыңнан астам жылқы бар. Өткен жылы Хан Тәңірінің баурайындағы қасиетті бұл өлкеде 186 мың тонна қысқы мал азығы дайындалған. Қазір соның 17 мың тоннасы ғана қалды. Бақанастың өзі кіші болса да, бағасы удай бос руллондалған шөбі болмаса, Нарынқолдағы ірі шаруашылықтардың қыстан шығуы екіталай. Су тапшылығы мен құрғақшылық картоп шаруашылығын өркендетуге де кері әсерін тигізді. Текес ауылының тұрғыны Мұрат Малдыбаев 2 жыл бұрын 50 гектар жерге картоп еккен. Өткен жылы бұл дақылды өсіретін алқаптың көлемін 20 гектарға дейін азайтуға мәжбүр болды.

Мұрат Малдыбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Биылғы жылғы өніміміз осы. Жылдағының жартысы деп айтуға болады. Себебі биылғы жылы құрғақшылыққа байланысты игере алмадық. Ішкі арық күрделі жөндеуден өтпегелі қаншама жыл болды. Су жетіспейді.

Иә, Райымбек ауданындағы ирригациялық жүйенің күрделі жөндеуден өтпегеніне 30 жыл болды. Су толассыз ағып жатпаған соң тоғандар бітеліп қалған. Аудан аумағында 6 магистралды, 13 ішкі шаруашылық каналы мен 6 тоспа бар. Өткен жылы «Дараты» каналы мен «Жеміс» су арнасын жеңіл жөндеуге 70 миллион теңге бөлінді. Ол қаржы қазір игеріліп жатыр.

Нұрлан Оралқұлов, Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Осы 12 ішкі шаруашылық және 6 магистральді каналымызға жалпы құны 8 миллиард 268 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Ал биыл сол каналдарымызға дер кезінде күрделі жөндеу жасамасақ, мал азығының тапшылығы сезіледі. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Шынын айту керек, біз өз елімізден шығатын өзендердің суын ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалана алмай отырмыз. Өйткені тоғандар мен су арналарының көбі бітеліп қалған. Сол себепті Нарынқол өңіріндегі мына Текес өзенінің суы да Қытай Халық Республикасына ағып кетіп жатыр. Ал егіс алқаптарына су жетпейді.

Ирригациялық жүйені қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүзеге асса, аудандағы суармалы алқап 15271 гектарға ұлғаяр еді. Қазір оның көлемі – 23 мың гектар. Райымбек ауданындағы каналдар мен ішкі тоғандарды қалпына келтіру мақсатында жасалған сараптама қорытындысының мерзімі алдағы тамыз айында аяқталады. Облыстық әкімдік тарапынан нақты бір шешім қабылданбаса, экспертизалық құжаттарды қайтадан жасатуға тура келеді. Ал оған тағы біршама уақыт кетеді. Өңір басшысы Қанат Бозымбаев өткен аптада ұйымдастырылған брифинг кезінде 2025 жылға дейін облыс аумағындағы суармалы алқаптар көлемін 114 мың гектарға ұлғайтамыз деп еді. Сөзі мен ісі қатар жүре ме, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов