Түркістан облысындағы ауылдарда 50 шақты үйді су басқан

Түркістан облысындағы ауылдарда 50 шақты үйді су басқан

Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жерасты суы көтеріліп, қашыртқыдан асқан су үйлерге кірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жауынның тоқтайтын түрі жоқ. Бір аптадан бері төпеп тұр. Жетісай ауданында бірқатар тұрғын үй мен қора-қопсы көлікіген су. Мұндағы тұрғындар аулаға резеңке етік киіп шығады. Ал суды өздігінен ағызуға шамалары жетпейді. Он ауылдық округте осындай жағдай. Әсіресе Достық ауылында қиындау. Үш күннен бері есік алдындағы қорасына жете алмағандар бар. Олар ешқандай көмектің жоқтығын айтып ашынады. Қазыбек би ауылының іргесінде егінге жиналған су жаңбырдың суы қосылған соң тасып, ауылға жайылған. Қазір 30-ға тарта баспана көлкіп тұр. Ауданда арнайы штаб құрылған. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы техникалармен аулалардағы суды тазартып жатыр. Мамандардың айтуынша, Жетісай ауданында 36, Мақтаарал ауданында 12 үйге су кірген. Ал суды ағызуға 44 мотопомпа, 119 адам жұмылдырылған.