Елде көлік алуға оңтайлы жолы қашан ашылады

Қазір Ресейге салынған санкция салдарынан баға өсіп жатыр. Бұл көлік пен қосалқы бөлшек тапшылығын тудыруы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, 2020 жылы Германиядағы автозауыттарға қажетті никельдің 44 проценті, титанның 41, паллаидің 18 проценті Ресейден жеткізілген. Қазақстанға да кейбір көлік түрлері мен бөлшектері Ресей арқылы келеді. Сондықтан отандық зауыттардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Сәуірдің аяғына дейін жеңілдетілген автонесие шарттары белгілі болмақ. Енді азаматтар 7 жылға дейін бастапқы жарнасыз несие ала алады. Ал 1 автокөлік үшін несиенің максималды құны 10 млн  теңгеден аспау қажет.

Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ автобустарды жаңартуға шамамен 30 миллиард теңге жұмсалмақ.

Олжас Сапарбеков, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:

– Бұл бағдарлама револьверлі әдіспен жүзеге асады. Яғни салынған қаржы револьверлі түрде қайта айналымға түседі, әрі қарай өтініш берген басқа да азамттарға несие беріледі.

Freedom Finance сарапшыларының мәліметінше, кейінгі 10 жылда елде көлік 3 есе қымбаттаған. Мәселен, эконом және бизнес санатындағы темір тұлпар 2012 жылы 3,5 миллион болса, қазір 10 миллионның маңайында. Баға әлі де көтерілуі мүмкін дейді сарапшылар.

Артур Мискарян, сарапшы:

– Қазіргі көрші елдегі әлемдік автозауыттар өз қызметін шектеп жатыр. Бұл біздің нарықта да көлік түрлері мен бөлішектерінің тапшылығына әкелуі мүмкін. Бірақ қарап қалмау керек. Қазақстандық кәсіпкерлер осы сәтті ұтымды пайдаланып, бренд иелерімен тікелей келіссөз жүргізіп, өкілдіктерін осы елде ашуға тырысуы қажет.

Әлемдегі ахуалға байланысты нарықта металл тапшы. Аккумулятор жасауға қажетті никельдің тоннасы  мың долларға жуықтады. Ал палладидің бір унциясы 3440 доллар болды. Бағаның өсуіне Ресейге салынған санкциялар әсер етті, – дейді сарапшылар. Бұл отандық зауыттардың да жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ербол Даиров, Жандос Сұлтанғазы