Елордада тұмау өршіп тұр

Елордада тұмау өршіп тұр

Дәрігерлер тұмау жиіледі деп дабыл қағуда. Биылғы эпидемиологиялық маусымда тұрғындар арасында жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдығушылар көбейген, деп хабарлайды  «Хабар 24».

Нұр-Сұлтанда тұмау өршіп кетті. Денсаулық сақтау саласының мамандары осылай деп дабыл қағып жатыр. Мысалы, елордада 70 мыңнан астам адам тұмау жұқтырған. Бұл былтырғы күзден қазіргі кезге дейінгі аралықта болған жағдай. Мамандардың айтуынша, ауру былтырғы сәйкес мерзімен салыстырғанда 3,6 есеге артқан.

Аяжан Қалқабекова, Нұр-Сұлтан қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

Жіті респираторлық вирус инфекциясының 200-ден астам түрі бар. Соның ішінде ең көп тарағаны ол осы тұмау. Негізі 2021-2022 жылғы эпидмаусым басталғалы бері ЖРВИ соның ішінде тұмау бойынша 103 жағдай тіркелген болатын Нұр-Сұлтан қаласы бойынша. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда 61 жағдай екен.

Дегенмен бұл тұмау жыл сайын қайталанатын маусымдық құбылыс. Сондықтан дәл осы аралықта адамдар аса сақ болып, денсаулығын күткені абзал, – дейді дәрігерлер.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Еліміздің, халқымыздың аман болуы үшін жеке гигиена және инфекциялардың алдын алу қарапайым шараларын сақтауды сұраймын. Өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар.

Иә, сақтықта қорлық жоқ. Алда-жалда тұмаудың белгілері байқала қалса, бірден дәрігерге көріну керек. Ең дұрысы ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн. Мамандар осындай кеңес беріп отыр.

Авторлары: Жанар Ербол, Нұрғали Мамырбаев