Маңғыстаулық мектеп оқушылары ұлттық нақыштағы мектеп формасын киіп жүр

Маңғыстаулық мектеп оқушылары наурыз айынан бастап ұлттық нақышта бірыңғай мектеп формасын киіп жүр.

Тек балалар ғана емес, ұстаздар да бастаманы қолдап, костюмді шапанға ауыстырған. Кейбір мемлекеттік мекемелер де бір күнді ұлттық киімге арнап жатыр.

10 жастағы Аяна Мақсатқызы жаңа үлгі көңілінен шыққанын айтады. Наурыз айы басталғалы бері мектеп формасын көк түсті оюмен көмкерілген жейдеге ауыстырыпты. Сәнді әрі жеңіл болғандықтан, бірден ұнатқан.

Аяна Мақсатқызы, оқушы:

- Біздің мектебіміз басқа мектептерге қарағанда ерекше. Мен алдағы уақытта осы киімді кигім келеді. Осы киіммен суретке түсіп, әлеуметтік желіге саламын, бұған менің достарым көріп, қызығады және сұрап жатады. Сыныбыңмен тіктірттің бе дегенде, мен иә деймін, олар қызығады. 

Мұнайлы ауданындағы №12 мектеп ұжымы ұлттық киімді дәріптеуді өңірде алғаш болып бастады. Ата-аналар да қолдап, оқушыларға бірыңғай жейде тіктірткен. Қазір 2 мыңнан астам бала қазақша үлгідегі киіммен жүр. Ұстаздар да білім ордасындағы бастамаға атсалысып, кәжекей, қамзол киіп, шолпы таққан. Мектеп ұжымы осылайша, ұлттық тәрбие беруге ерекше ден қойған. 

Қайрат Титанов, №12 мектептің директоры:

- Мақсат – өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болып табылады, тек қана киім киіп қана қоймай, бір-бірінің шашын өріп үйреніп жатқан сәттерін көріп қуанып жатырмыз. Қазіргі таңда 3200 бала білім алады. Мектеп бойынша барлық сынып киіп жүр деп айтуға болады. Салт-дәстүрді насихаттайтын бұрышымыз бар, көріп тұрғаныңыздай ағаш үй бар. Ағаш үйді ата-аналардан сұрағанбыз, кімнің үйінде пайдаланбай жатқан ағаш үй болса, мектепке тартуды сұрап, өтініш білдірген болатынбыз, ата-аналар тарту қылды.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Мектеп оқушылары ғана емес, Маңғыстаудың әр тұрғыны қазақы нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде жиі пайдаланады, яғни гардеробта міндетті түрде бір-бір қамзол мен шапан бар. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңір киім тігу ісмерлігі жағынан да көш бастап келеді. Осындай алуан түрлі оюмен көмкеріп, зерден жасалған, бағалы маталардан тігілген ұлттық киімге қазір сұраныс қандай?

Жергілікті тігіншілер ұлттық киімге сұраныстың пандемиядан кейін 2 есе азайғанын айтады. Бұған, бірнеше ай бойы шеберханалардың жабылып, елдегі мерекелік шаралардың тоқтағаны әсер еткен. Мәселен, 40 жылдан бері ұлттық киім тігіп келе жатқан Нұрияш Ниязованың айтуынша, өнімдеріне мәдениет ұжымдарынан бөлек, тұрғындар той-томалаққа жиі тапсырыс беретін еді.

Нұрияш Ниязова, шеберхана директоры:

- Адамдар кішкене жинақталған сияқты. Кейбір адамдар бұрынғы киімдерін әкеліп, реставрация жасатып әкетіп жатады. Тозбаған киімдерді де біреуге беріп, лақтырып тастап жатады ғой. Ол азайып келе жатыр. Табыс енді бұрынғыдай емес, болады қыздарға. Клиенттердің саны азайды. Тігіншінің көптігінен де болатын шығар, біреулер базарда арзан деп қалтасына қарайды.

Нарықта сұраныс аз болғанымен, былтыр аймақта киім тігуге бет бұрғандар саны көбейген. Қазір өңірде 130-дан астам кәсіпкер осы салаға маманданса, 50-і ұлттық нақыштағы киім тігетін шеберхана ашқан.

Пікір Сансызбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы:

- 2021 жылы 5 кәсіпкерге 126,8 млн.теңге мемлекеттік төмен пайызда алған несиелер мемлекеттік қолдау бағдарламалар арқылы көрсетілді Еңбек және Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы және 4 кәсіпкерге  13,2 млн.теңгеге мемлекеттік грант берілді. Ұлттық киіммен айналысатын кәсіпкерлердің көбісі әлеуметтік желілер арқылы өздерінің өнімдерін сатуда.

Саладағы кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі таңда  ұлттық нақыштағы стильді заманауи үлгімен үлестіру кеңінен танымал.  Бұдан бөлек, елімізде көрпе-төсекке де сұраныс бар. Алайда, пандемия уақытында шикізат тасымалы қиындап, біраз кәсіпкердің табысы азайған.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев