Қарағандыда жалдамалы жұмысшыларға арналған жылу павильоны орнатылды

Қарағандыда жалдамалы жұмысшыларға арналған жылу павильоны орнатылды

Жылдар бойы қақаған аяз бен аптап ыстықта далада тұрған азаматтар бұл жаңалыққа қуанып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал олардың тұрақты жұмысқа орналасуына не кедергі?

Мағжан Әбілханов  Қарағандыдағы базар мен вокзалдың дәл ортасында тұрған жалдамалы жұмыс орнына күн сайын Теміртау қаласынан келеді. Бұл жерді студент шақтан біледі екен. Кейін үйленген, екі ұлдың әкесі. Орта білімі мен тұрақты жұмысы бар. Темір жол саласының маманы. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ол 15 күн үйде жата алмайтынын айтады. Оның үстіне қымбатшылық та қысып бара жатыр дейді.

Мағжан Әбілханов, жалдамалы жұмысшы:

– Үш жүз мың кредит жабамын. 200 мың теңге темір жолдан табыс тапсам, 15 күн осы жерден тауып жүргем, қыста жұмыс жоқ бұл жерде де. Тура көпірдің астында аңырап тұрады ғой, от жағып далада тұратын балалар. Мен өзім қыста көп келмесем де, жаз бойы осындамыз.

Мағжан сынды осында келіп жалдамалы жұмыс істеп жүрген жүздеген азамат бар. Бұрын олар жазда  ағаштың саясын паналап, қыста желдің өтінен қорғанатын. Енді демеушілер есебінен салынып берген таза әрі жылы жерде отыратын болды. Жұмыспен қамту орталығының мамандары осындағы азаматтардың кемі 70 процентінің тұрақты жұмысы бар екенін айтады.

Берік Есенов, қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары:

- Біз жігіттердің барлығымен сөйлесіп шыққанбыз. Жұмыстан бос уақытта осында келіп, қолма-қол ақша алатын жұмыс бұларға қызықты. Көбісінің несиесі бар, банкқа, басқа да қарыздары бар.. Сосын ана жақтан жұмыс істейді де, оны банк ұстайды, ал осында қолма-қол ақша тауып, отбасын асырап жүр.

Жылу павильонының ішіне бос жұмыс орындарының тізімі, мемлекеттік грантты алу жолдары мен қалай берілетіні туралы ақпарат ілінген. Пункт таңғы 9 дан 18:30-ға дейін ашық. Ал оның тазалығын жалдамалы жұмысшылар өздері қарайды. Сондай-ақ күн сайын жұмыспен қамту орталығынң бір маманы бас-көз болып келіп отырады. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев