Ақмола облысының шеберлері ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр

Өңірде 800-ге тарта қолөнер шебері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың басым бөлігі ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген ісмерлер. Бірақ бұл облыстық шеберлер одағына тіркелгендері ғана. Ал үйде тігін тігіп, түрлі дүниелерді жасап жүрген ұсталар мен тігіншілер қаншама. Жаңақима ауылының тұрғыны Барқыт Бейсекова, зейнетке шыққалы бері төсек жабдықтарын тігумен тұрақты айналысып келеді. Қазір әжей жерлестері үшін кәнігі тігінші, тәжірибелі шебер. Оның қолынан шыққан құрақ көрпелер, оюлы жастықтар мен басқа да бұйымдар елді мекенде сұранысқа ие. Апамыздың өзі болса, хоббимен басталған бұл іс, қазір өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды, – дейді.

Барқыт Бейсекова, Жаңақима ауылының тұрғыны:

– Қазір енді отыра алмаймын тікпесем, үйреніп алған. Қолым босаса бітті, тігем осыны отырып алып. Ал қазір міне, немереме тігіп жатырмын. Мынау тәуір-тәуір маталарым тығып жүрген, партиям бар, велюрім бар. Немеремді тұрмысқа береміз, Алла жазса, Түменге. Махаббат көрпесін тігемін әлі. Махаббат жастығын тігемін аққу салып.

Қазір өкінішке орай бұл өнерді меңгергісі келетін қыз-келіншектер аз дегенді айтты кейіпкеріміз. Әйтпесе, білгенін үйретуге дайын. Айтуынша, тігіншілік әйел адамның сүйікті ісі ғана емес, едәуір табыс көзі де. Мәселен, заманның қиын кездері отбасымды асыраған да осы қолөнер, – дейді, шебер. Ал жарты ғасырға жуық тарихы бар тігін машинасы кейіпкеріміздің жылдар бойғы сенімді серігі.

Барқыт Бейсекова, Жаңақима ауылының тұрғыны:

– Бұл – 1977 жылы тұрмысқа шыққан жылы ауылдың адамдары сыйлаған машинка. Енді осыны қимаймын, өзімнің серігім енді. Жаңа машинка бар, бүкіл операциясы бар ана жерде. Бірақ упаковкада тұр. Онымен мен әлі тіге алмаймын. Мынаған қолым үйреніп қалған. 90 жылдары осымен нанымды тапқам осы машинкаменен. Қоржын қалта тігем, әлгі тойға апаратын қалталар болады ғой. Сол қалталарды көбінесе тігіп, сатып жүрдім.

Ал көкшетаулық жас шебер Индира Боқаева ісмерлік өнерді әжесінен үйреніпті. Кейіннен арнайы білім алып, шеберлігін шыңдаған. Қазір бұл кәсіп, оның нәсібіне айналды. Тігінші келіншек көбіне балаларға арналған қазақтың ұлттық киімдерін тігеді. Ал арманы – қазақы нақыштағы ателье ашу.

Индира Боқаева, тігінші:

– Сұраныс жақсы. Болып тұрады. Қазір бір-бірінен көреді, естиді. Қазір инстаграм парақша арқылы жұмыс істеймін. Сол арқылы тапсырыстар алып жатырмын. Қазір, әсіресе, Ұлыстың Ұлы күні келе жатыр. Наурыз қарсаңында тапсырыстар көбейіп жатыр. Мектеп оқушыларына тігіп жатырмын. Өзіміздің ұлттық киімді насихаттап, өздеріне кигісі келіп, қандай да бір той болса балаларына кигізіп, сондай адамдарды көргенде өте қуанамын.

Ал облыстық шеберлер одағы өкілдерінің айтуынша, өңірдегі қолөнершілердің қатарын одан әрі көбейту үшін қазір ауыл-аймақтарда елеусіз қалған ісмерлерді іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жастарды да шама келгенше үйретіп жатыр.

Гүлбара Нұрқанова, облыстық шеберлер одағының төрайымы:

– Тек қана өзіміз қолөнермен айналысып қоймай, мектептегі жас қыздарды, колледж, университет студенттерін шақырып алып, шеберлік сабақтарын өткізіп және көпбалалы жас аналар бар, соларды шақырып шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз.

Бірақ мұндай дәрістер әзірге тек облыс орталығында ғана бар. Шеберлер одағы аудандардағы әріптестері де белсенді болса, –дейді. Ал кәсібіне қаржылай қолдау табу үшін түрлі мемлекеттік бағдармаларға қатысуға болатынын айтады. Бастысы ұлттық қолөнерді жан-жақты насихаттап, дамыту қажет. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко