Ғалымдар австралиялық шаянды көбейтпек – Қарағанды облысы

Балқаш қаласының ғалымдары австралиялық қызыл шаянды көбейту жобасын қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар жәндіктің бұл түрінің Орталық Қазақстанның климатында қаншалықты көбейе алатынын зерттеп жатыр. Бұл шаянды шағын лобстер деп те атайды екен. Ұзындығы 20-25 сантиметрге дейін жетеді. Еті дәмді болған соң сұраныс та жоғары дейді мамандар. Әрі оны өндірістік жағдайда өсіру тиімді екен.

Айта кету керек, Балқаштағы балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты бұдан бөлек көкбас балығын көбейтіп жатыр. Жуырда Қызыл кітапқа енген пілмай мен бекіре балықтарын әкелмекші.   

Еркінбек Құмантаев, Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының балқаш қалалық филиалының директоры:

– Өзен шаянымен салыстырғанда оның өсуі жылдам, көбеюі тезірек және көлемдері үлкен деңгейге дейін болады. Ол шаянға қазіргі таңда мейрамханаларда, ресторандарда сұраныс бар. Соны біз дәлелдеп, оны осы Орталық Қазақстанның жағдайында өсіруге бола ма, ол қаншалықты тиімді, олар біздің Қазақстанның жемін жей ме, шетелдің жемін жесе дұрыс өсе ме, жылдам өсе ме, сондай-сондай зерттеулік жұмыстар жүргізілуде.