Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданы ұйымшыл тұрғындарымен көпке үлгі

Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданы тұрғындарының Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуы көпке үлгі боларлық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұрт бірігіп, аулаға киіз үй тікті, мол дастархан жайды.

«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген бар. Әлихан Бөкейхан ауданы тұрғындарының бірлік-берекесі кім-кімді де таңғалдырады. Арқаның ақтүтек боранымен, шымшыма аязы наурызды сән-салтанатпен атап өтуге еш кедергі келтіре алмапты.

Бұл мөлтек ауданда төрт бірдей бесқабатты үй бар. Олардың әрбірі жеке-жеке ауыл ретінде шықты. Мысалы, әжелер отырған ауыл «Қазыбек би» ауылы болып есептеледі.

Аудан тұрғындары ұлттық тағамнан дәм татып, ұлттық ойындарды ойнауға кірісті. Арқан тартып, қол күрестіріп, кір тасын көтергендердің арасында үздіктер де анықталды. Шараны ұйымдастырушылар бұған қаржы жұмсалмағанын айтады. Тек таза ниет болса жеткілікті деп отыр.

Айбар Әжібаев, мерекені ұйымдастырушы:

- Мен осы үйге 2019 жылы көшіп келдім. Ұйымдастыру қабілетім бар. Оған көршілер де қарсы болған жоқ. Бұған ешқандай қаржы кетпейді, біреуі керегесін, біреуі уығын алып шықты, сандығы мен дастархандарын. Наурызкөжелерін қыз-келіншек, аналар үйден дайындап алып шықты.

Әлихан Бөкейхан ауданы тұрғындары ауладағы наурыз шарасын челлендж ретінде Қазыбек би ауданына жолдап отыр. Осындай шараны дәстүрге айналдырмақ. Бұл мереке көршілер арасында татулық пен бірлікті күшйете түсеріне сенімді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев