Алматы облысындағы Шанханай ауылы ауыз судан тарығып отыр

Алматы облысындағы Шанханай ауылына үш жыл бұрын ауыз су жүйесі тартылған. Бірақ жұрт әлі күнге дейін тіршілік нәрінен тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі су белгілі бір сағаттарда ғана беріледі. Ауыл халқы сол кезде қам жасап қалады. Ал жоғары жақта тұратындарының жағдайы тіптен қиын. Олар суды бастаудан алады. Тілшіміз Шыңғыс Қалиденді тыңдайық.

Меруерт Ыстыбаева үйіне ауыз су кіргізгенімен тіршілік нәрін бастаудан тасып ішеді. Күн сайын екі шелек суды көтеріп әкелу елу жастағы әйел адам үшін оңай емес. Саз балшықтай езілген жолда үш демалып аулама әрең жетем дейді ол. Ауыз су тапшылығы ауылдың жоғарғы жағында тұратындардың бас ауыртар басты мәселесіне айналған.

БЛИЦ:

- Жоғары жаққа су көтерілмейді. Осыдан екі жыл бұрын салған. Қалай болса солай қазып, көміп кетті. Міне, суды сайдан тасып отырмыз.

-Бізге дейін кейде келеді кейде келмей қалады. Сол кезде келмей қалған кезед осы бастаудан тасимыз.

- Сенбі, жексенбі күні жоғарғы көшеге мүлде су көтерілмейді. Мысалы, біз аптаның бес күні жұмыстамыз. Демалыста бала-шағаны жуындыруымыз керек. Кіріміз бар. Ал бізге су көтерілмейді.

Ауылды ауыз сумен қамту үшін 200 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Оған елді мекен ішіне құбыр тартылып, сорғыны станция мен су мұнарасы тұрғызылды.

Төрехан Нұрғалиев, ауыл тұрғыны:

- Негізі жотаның үстінде каптаждың қасында болуы керек болатын. Ол жерден су шығара алмағаннан олар суды мына жерден қазып кетті. Ә дегенде біраз шықты да, содан бері істемейді.

Ауыл халқы тіршілік нәрін бастаулар мен өзен арнасындағы тоспадан алып отыр. Құбырдағы қысымының аздығынан ол бәріне бірдей жетпейді. Сол себепті сыздықтап ағатын судың өзі екі ауысыммен беріледі.

Еркебұлан Дуанаев, Шанханай ауылдық округінің әкімі:

- Төмен жақты кешкі алтыда өшіреміз. Жоғары жақ толығымен сумен қамтылады. Кешкісін төмен жақты қосамыз, ол жақ сумен қамтылады. Каптаждағы судың азаюы және мұанарадағы сорғының күйіп кетуі себеп.

Дәурен Жолжанов, аудан әкімінің орынбасары:

- Сорғыны ауыстыру керек. Оны біз алдық. Бәрі дайын тұр.

Жауаптылар екі жылдан бергі мәселені екі апта ішінде шешеміз деп отыр. Сол кезде ауыз су тұрақты түрде беріліп, ауыл халқы тіршілік нәрінен тарықпайды деп сендірді.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов