Шемонаиха ауданындағы жалғыз көпір әбден тозған

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан жалғыз көпір әбден тозған. Көлік жүргізушілері өткелден өтуге қорқады. Апаттық деп танылған көпірге салмақ түсірмес үшін олар арғы бетке кезекпен жүреді. Жергілікті атқарушы билік не дейді? Көпір қашан жөнделеді? Әлде жаңасы салына ма?

Өскемен-Шемонаиха-Барнауыл, Новосібір көлік дәлізінің қазіргі жай-күйі міне осындай. Ой-шұңқырын жаңа жауған қар басып қалған. Әрине қар ерісе бәрі баяғы қалпына түседі. Уба өзені арқылы өтетін көпірдің апатты деп танылғанына бірталай жыл болды. Соған қарамастан көлік қозғалысы тоқтамады. Басқа амал жоқ. Көпірге салмақ түсірмес үшін көліктер кезекпен өтеді.     

Блиц:                      

- Көктем, күз айларында Уба өзенімен Шемонаиха көпірі арқылы өту қорқынышты. Бәлкім жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны қадағалап отыру керек шығар. Біз қандай жұмыстарға қанша бөлінетінін білмейміз ғой.        

- Енді аз уақытта көпір құлайды. Жүру қауіпті. Жыл сайын осы жағдай қайталана береді. Апатты жағдайда тұр. Қорқынышты, көлік өзенге құласа не болады? Ең болмаса бір рет дұрыстап жөндесе екен.  

- Асфальт тұрмайды. Жыл сайын  шұңқырларды бітеп, әлек болғанша біржола мықтап жасау керек қой.       

Тұрғындардың назын жергілікті билік түсініп отыр. Сөздеріне сенсек, күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары дайын. Құрылыстың бюджеті шамамен 450 миллион теңге болады.        

Бақытжан Молдаханов, ШҚО Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:   

- Былтыр мемлекеттік бюджеттен 6,6 миллион сомасында қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Қазіргі таңда ол құжат дайын. Экспертизаға берілді қорытынды сараптама жасау үшін. Толығымен сараптама жасалғаннан кейін бұл күрделі жөндеу жұмыстарына кірісетін боламыз. Бірақ күрделі жөндеу жұмысын тоспай біз қазір қар кетісімен жол төсемін жөндеу жұмыстарын жүргіземіз жолда. 

Аудан әкімінің орынбасары айтып тұрған шұңқырларды жөндеу жұмыстарына 9 миллион теңге шамасында қаржы кетеді. Биыл 6 көшеде жалпы көлемі 10 шақырым жол жөнделмек. Бұған қоса облыс әкімінің тапсырмасы бойынша айналмалы жол құрылысы басталады. Соңғысы қала көшелеріндегі көлік нөпірін азайтуға септігін тигізбек.             

Әсем Өтешова, Қарлығаш Қасиетова, Медет Өмірханов