Біраз өңірде ұйытқи соққан қарлы боран жұртты әбігерге салды

Біраз өңірде ұйытқи соққан қарлы боран жұртты әбігерге салды

Атырауда қатты желдің кесірінен балабақшалар мен тұрғын үйлердің шатыры ұшып, қасбеттері опырылып құлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен дауыл қаланың орталық көшелерінде орналасқан 15 тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Сонымен қатар 2 балабақша мен медициналық мекемелердің ғимаратына зақым келген. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан аудандардағы әлеуметтік нысандар да бүлініпті. Жалпы Төтенше жағдайлар департаментіне 34 шақырту түскен. Қазір келтірілген шығын көлемі есептеліп, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Қайрат Темірболатов, Атырау облыстық ТЖД басқарма бастығы:

Қатты желдің салдарынан Ақжар поселкесіндегі «Ақбөбек» және Нұрсая 29 мекен жайында орналасқан екі балабақшаның шатыры, бөліктерінің ұшуы және үш қабатты Атырау облыстық кардиологиялық орталықтың шатырының ұшуы және тұрғын үйлердегі шатыр бөліктерінің ұшуы тіркеліп отыр Құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, бүлінген щатырлардың конструкцияларын нығайтып, көлік жолдарына түскен шатырларды жинақтауда.

Ауа-райының тосын мінез танытуы ақтөбелік құтқарушыларды да әбігерге салды. Мамандардың бір тобы өңір орталығында 4 нысаннан ұшқан шатырды қалпына келтіруге жұмылдырылса, тағы бір топ үш бірдей аудандағы автожолдарда қалған көліктерді шығарып, жүргізушілер мен жолаушыларды елді мекендерге жеткізді. Өткен кештен бері жүргізілген шара барысында, 82 адам құтқарылды. Оның 12-сі бала. Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша, барлығы да бірқатар облыстық және республикалық бағыттардағы жолдың жабықтығы туралы жарияланған ескертуге құлақ аспай сапарға шыққан. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Дегенмен қазір хабар-ошарсыз кеткен екі адамды іздеу жалғасып жатыр.

Марғұлан Аманбаев, облыстық Төтенше жағдай департаментінің бастығы:

Хромтау ауданында бір қожалықтың екі малшысы мал іздеп шығып, боранда адасып кеткен. Соған байланысты Хромтау ауданының Төтенше жеғдай бөлімімен және полицияның құрамымен бірге іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Қарағанды облысында ауа райы қолайсыздығы салдарынан жолда қалып қойған 500-ге жуық адам құтқарылды. Қазір төтенше жағдай салдарымен күресу үшін арнайы штаб құрылды. Жол бойында 14 бекет қойылған, онда төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция жұмыс істеп жатыр. Барлық бағыт бойынша арнайы техникалар тартылған. Аталған жұмыстарға 130 адам және 70 техника жұмылдырылды.

Ақылбек Ахметжанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Бекеттерге 504 автокөлік жиналды. Оның ішінде, 198 жүк көлігі, 300 жеңіл және 6 қоғамдық көлік. Кеше 19:00-ден бастап қазірге дейін 17 авариялық құтқару және 2 іздестіру жұмыстары жүргізілді. Оның барысында 252 адам құтқарылды. Оның 28-і – бала.

Ақмола облысында өткен түнде жолда қалған 80 адам құтқарылды. Олардың арасында 6 бала болған. Жолаушылардың көбі дабылды ескертуді елемей, сапарға шыққан. Сөйтіп жол ортада қалып қойған. Оларды құтқару жұмыстары Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Жақсы, Шортанды және Есіл аудандарында жүргізілген. Айта кетейік, аймақта кешелі бері республикалық маңыздағы 20, ал, облыстық маңыздағы 35 жол жабылды. Ал синоптиктер қолайсыз күн райы аптаның соңына дейін жалғасады деп болжап отыр.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы