Оралда қала көшелерін жөндеуге 10 миллиард теңге қажет

Оралда қала көшелерін жөндеуге 10 миллиард теңге қажет

Оралда қар еріген соң жолдың ой-шұқыры көбейіп, көлік қозғалысы қиындап кетті. Әсіресе Әбілхайыр хан даңғылы мен Шолохов көшесіндегі ойдым-ойдым жер көп.

Бір көшені толық жөндеуге 4 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Әзірге қаржы табылмаған соң сала мамандары жолдағы шұңқырларды таспен бітеп әлек. Қала билігі жыл соңына дейін 18 көшені жөңдеуге 9,5 миллиард теңге жұмсалады дейді. Әбілхайыр хан даңғылы орташа жөндеуден өтеді. Бірер күн бұрын бұл көшеде ой-шұңқырларды таспен бітеу жұмыстары жұрт тарапынан қатаң сынға ұшыраған еді.

Асхат Құлбаев қала әкімінің орынбасары:

- Көпшіліктің сынына әсіресе осы магистральді көшелер көбірек ілініп отыр. Бірақ әзірге осылай амалдаймыз. Қаладағы басқа да көшелерді шамамен мамыр айының соңына дейін қалпына келтіреміз. Бізге аса қолайсыздық туғызып отырған осы екі көше. Сондықтан қала тұрғындарын сабырға шақырамын.