Эксклюзив: Сәкен Сейфуллин тар жол, тайғақ кешіп жүргенде тұрған үй табылды

Кезінде "тар жол, тайғақ кешіп" жүріп Сәкен паналаған үйдің шарбақтары әлі күнге дейін сақталған. Салынғанына ғасырдан асыпты. Қарашаңырақтың қазіргі иесі Жұмабай Белжанов өткен ғасырдың бастапқы кезеңінде Омбы түрмесінен қашқан арыстың дәл осы үйде жасырынғанын айтады.

Сол сұңқар Сәкен тұрған үйдің табылғанын бізге журналист Дастан Кенжалин сүйіншілеп жеткізген еді. 

Жұмабай Әбілдаұлы қара шаңырағын көзінің қарашығындай сақтап отыр. 1889 жылы дүниеге келген әкесі "бұл үйдің орыны бөлек екенін" айтып кеткен. Ақсақал 30 жасқа қараған тұста, шамамен 1919 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллинді паналатқан көрінеді. Әліби Жангелдин көшесіндегі бұл үйдің мекен-жайы ол кезде Лесная,65 болған.

Жұмабай Белжанов, қала тұрғыны:

- Оны қуып жүргеннен кейін осында тықпай ма енді. Күндіз шыға алмайды, түнде шығып жүрген. Осында болдым деп неттім дейді. Сәкен Сейфуллиннің атағы менен нетпесін деп, тұңғыш баласын, мінеки ағам, Сәкен деп қойған. Қазір ол тірі 1939 жылғы.

Деректерге сүйенсек, 1919 жылы сәуірдің 3-інде Сәкен Сейфуллин Омбының тұтқын лагерінен қашып шығады. Бұл туралы Қазақстан тарихы сайтында баяндалады. Ақын бір естелігінде: "Арестанттар ризаласып, шанаға қардың астына қашқынның біреуін отырғызуға көнген. Мен тездетіп өңіммен төмен жаттым. Үстіме ауыр жұмаршақ қар түсті. Оның үстіне тақта қойылып үстіне адам отырды. Ауа жұтудың өзі қиынға түсті, бірақ мен шыдадым" деген.

Сол жылы шілдеде туған ауылына жетеді. Біздіңше, ақын дәл осы кезеңде аз уақытқа Әбілда Белжановтың үйінде жасырынған сияқты.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Сәкен Сейфуллиннің кей шығармалары дәл осы үйде шығарылуы мүмкін. Оған көненің көзіндей мына шарбақтар куә. Әрине уақыт өте келе оларды жаңартып отырған. Дегенмен, тарих үшін бірнешеуін сақтап қойған екен.

Социалистік төңкеріске тікелей қатысқан жалғыз қазақ ақынының музей-үйі бұл. Сәкен Сейфуллин мұнда тұрмаған. 1920 жылы еңбек еткен болатын. Қазір мұражайда мынадай үйдің макеті сақтаулы.

Камилла Үйсенбаева, Сәкен Сейфуллин музей-үйінің экскурсия жүргізушісі:

- Сәкен Сейфуллиннің осы Ақмолада тұрған үйінің макеті. Бұл үйде шамамен 1917 жыл мен 1918 жылдар аралығында тұрған. Яғни 1918 жылдың басынша патшашылдар төңкеріс жасап, Ақмоланы құлатқан кезге дейінгі тұрған үйінің макеті. Бірақ бұл үй қазіргі күні сақталмаған. 70-жылдары құлатылған. Қазіргі Республика, Иманов көшелерінің бойында орналасқан екен. 

Үш бәйтеректің бірі, "Еңбек Қызыл ту" орденінің иегері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин өз өмірін "Тар жол тайғақ кешуге" деп сипаттаған. Ол 1957 жылы ақталған. Әрине ақын жайлы әрбір дерек маңызды. Біз көрген үй де сол тарихтың куәсі.

Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшы