Павлодар облысында сотталғандар электронды білезік тағады

Павлодар облысында пробация қызметі сотталғандарды бақылауға арналған заманауи технологияны іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтқанда, істі болғандар бұдан былай электронды білезіктердің көмегімен бақыланады. Олардың жүріс-тұрысы мен әр қимылы арнайы жүйе арқылы қадағаланады.

32 жастағы Айбек алаяқтық үшін істі болған. Сот шешімімен үш жарым жылдық мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Бұдан былай, оның қозғалысы электронды білезіктің көмегімен бақыланады.

Айбек, жазасын өтеуші:

- Темір тордың ар жағында жүргенше, осылай бақылауда жүргенім жақсы. Қазір заң бұзбаймын. Пробациялық бақылауда болсам да, жұмыс істей аламын. Білезік ыңғайлы. Аллергия тудырмайды әрі жеңіл.

Өңірдің пробация қызметіне 100 электронды білезік бөлінді. Заманауи құрылғы ауыр қылмыс жасағандар мен жүйелі түрде заң бұзғандарға арналған. Мамандар жазасын өтеушіге құралды пайдалану бойынша түсінік береді. Істі болғандар білезікті қиратса, тиісті шара қолданылады.

Әсет Мыңжасаров, Павлодар қаласы бойынша пробация қызметінің бастығы:

- Электронды білезік бір жылдық мерзімге арналған. Сооталғандар жазаларын өтеу тәртібін бұзса, бізге бірден дабыл түседі. Біз өз кезегімізде сотқа шағым түсіреміз. Кейін сотталушы бас бостандығынан айырылып, түзету мекемесіне қамалады.

Ақмола облысында өткен жылы бостандығына шектеу қойылғандар арасында 40-тан астам бұзушылық тіркелді. Ал жыл басынан бері пробациялық бақылаудағылар 10 рет тәртіп бұзған. Мамандар электронды жүйе осындай деректі азайтады деген пікірде.

Мирхан Ахметжанов, облыстық қылмыстық-атқару департаменті бастығының орынбасары:

- Заманауи құрал пробация жұмысын жеңілдетеді. Сотталғандарды күндіз-түні бақылаймыз. Арнайы бағдарлама арқылы сотталған адамның қайда жүргенін көріп отырамыз. Электронды бақылау құралдары түрмеге қамауға алудың орнына қолданылады. Ал біздің жағдайда пробациялық бақылаудағы сотталғандарды бақылауға арналған.

Электронды бақылау құралдары түрмеге қамауға алудың орнына қолданылады. Болашақта бас бостандығынан айыру орындарына қамаудың баламасы ретінде қаралуы мүмкін. Еліміз бойынша 2,5 мың осындай білезік қолданыста.

Ақмарал Есімханова, Аслан Әбутәліпов және Марат Игіліков