Қостанай облысында кейбір ауылдар әлі қар құрсауында жатыр

Өңірдегі Шиелі ауылына баратын жол жабық. Өткен аптадан бері арнайы техника қалың қарды аршу қиындық тудыруда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса еріген қар әбден нығыздалып, жұмысты қиындата түскен. Облыстық трассадан ауылға дейінгі он бір шақырым жолды тазарту керек. Қатынас үзілгендіктен, азық-түлік қоры таусылған. Ауылда төрт жүзге жуық тұрғын бар. Олардың айтуынша, тендер ұтқан мекеменің елді мекенді қардан тазартуға техникасы жетпейді.

Дидар Баяхметова, Шилі ауылының тұрғыны:

– Аудан әкімінінен ешқандай көмек жоқ. Тендер ұтып алған ескі К-700 бар. Оның өзі бір-екі шақырып тазартқанымен. Сынып қала береді. Трассаны тазартып жүрген роторлар біздің ауылға соқпайды. Қар ұстап тұратындар оның өзі істелінбеген. Жылда осындай жағдай. Бораннан көз ашпаймыз. Жазда батпақтан көз ашпаймыз.

Нұржан Көкішев, Шилі ауылының әкімі:

– Трассаны тазартып жүріп жатыр екі күн бойы. Қиын қазір. Облыс бойынша осындай. Жеңіл машинамен кеше өте алмағандарды трактормен тартып отырдық. Мен де осы жерде тазартып жүрмін. Бір жарым тәулік бойы далада қондым. Ешқандай өтірігі жоқ. Бәрі де біледі. Ауданнан техника бөлініп жатыр. Қолдан келгенше істеп жатыр. Тендер ұтқан үлкен клин әкеліп, сонымен жол тесіп өтті. Районнан погрузчик әкеліп, сонымен де жол тесіп көмектесіп жатыр.