Қызылорданың «Шанхай» ауданында балалар алаңы жоқ

Қызылорда қаласында  «Шанхай» аталып кеткен тұтас аудан бар. 40 мыңдай адам тұрады. Облыс орталығының осы бір бөлігінде балаларға арналған ойын алаңдары жоқтың қасы. Бос уақытта асыр сап, алаңда доп қумаған жеткіншектердің денсаулығы мен келешегі алаңдатады, дейді ата-аналар.

Кей балалар көлік ағылған көшенің бойында ойнауға мәжбүр. Ал бұл кезде ата-анасы "жанымызды шүберекке түйіп отырамыз" дейді. Тұрғындар қала басшылығының да табалдырығын талай тоздырған. Бірақ шешілген мәселе жоқ.

Шанхай ауданының тұрғыны Әлия Әлімқұлованың 6 баласы бар. Олардың үйіне жақын жерде спорт алаңқайы жоқ. Сондықтан балалар асфальт үстінде футбол ойнайды. Қызық қуған жеткіншектер көліктің астына түсе ме деп күнде алаңдап отырамыз-дейді тұрғындар. 

Әлия Әлімқұлова, қала тұрғыны:

- Біз бұл мәселе туралы депутат сайлаудың алдында арызданғанбыз. Көршілерден қол жинап, бәрін апарып бергенбіз. Олар мәселе қаралады, жақында бәрі болады деп айтылған. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай 3 жылдың ішінде ешқандай өзгеріс болып тұрған жоқ қой. 2-3 жыл тұрмақ, 15 жыл болды ғой осы жерде тұрып жатқанымызға, ешқандай өзгеріс жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, тек бұл көше маңында ғана емес, 40 мың тұрғыны бар Қызылорда қаласындағы Шанхай ауданында спорт немесе жаттығу алаңдары жоқтың қасы. Ал мына жалғыз спорт кешенін бірнеше мекеме жалға алып қойғандықтан үнемі босамайды. 

Жасұлан Алдабергенов, қала тұрғыны:

- 222-мектеп, 253-мектеп, 212-мектеп, енді Шанхайда мектептер баршылық. Сол мектептердің футбол алаңдары шыны керек, 15-20 жыл бұрынғы әлі жаңармаған ескі алаңдар. Сол мектептегі алаңдарға арнайы газондар төсеп, футбол алаңдарын жаңартатын болса, көптеген жастарымыз сол жерге барып, кешкі уақытта футболын ойнап, спортпен жаттығатын еді.

Мектеп аулаларының шаңы шығып жатыр. Оқушылар топырақ үстінде доп қуалап жүр. Бұл мәселе қашан шешімін табады  деп қалалық білім бөліміне сауал жолдадық. Мамандар мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр деп жауап берді. 

Жарасхан Қуанышбайұлы, қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Аталған мектептердің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық білім басқармасының қарауына тапсырылды. Егер алдағы сессияда қаралып, мақұлданса, балаларға арналған алаңқайлар жөнделеді деп күтілуде. Және бір айта кетерлігі, жеке кәсіпкерлер спорттық алаңдар, ангарлар саламыз деп ұсыныс жасаса, Қызылорда қалалық білім бөлімі бұл жерлерді бөліп беруге дайынбыз. Және ол жерге спорт алаңдары салынған жағдайда, сабақтан тыс уақытта кәсіпкер пайдалана алады бұл жерлерді.

Айбек Орманов, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Спутникпен де қарадық, басына да бардық, аралау жұмысын да жүргіздік. Сол жердегі бос жатқан жерлерге осы жылы және келер жылдардағы бөлінетін бюджетке сұраныс енгізу мақсатында. Ол бюджетке сұраныс ойын алаңдарын жүргізуге. Бір комплекте дене, ойын және балалар алаңы үшеуі қосылған. Анықталған 11 жер учаскесінің басым көпшілігі сол Шанхай бетте орналасқан, мөлтек ауданда.

Қаржы қашан бөлінетіні белгісіз. Мемлекеттік жекеменшік әрістестік бағдарламасы арқылы жоба бастауға ниетті кәсіпкерлердің де әзірге қарасы көріне қоймапты. Ал балалар асыр салып ойнайтын алаң болмағасын, бұрыш-бұрышта телефон шұқып отыр. Дегенмен тұрғындар балалар жылында бұл мәселе шешемін табады деп үміттенеді.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов