Қарағандылықтар қала әкімін өздері сайлады

Бүгін қала әкімін тұңғыш рет халық сайлап жатыр. Қарағанды облысы Абай қаласының жаңа басшысын тұрғындар анықтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт бірдей үміткер тіркелді. Оның бірі қаланы осы уақытқа дейін басқарған әкім. Әріптесім Дәуренбек Бағдәулетұлы бүгінгі сайлау туралы баяндайды.  Сайлау учаскелері таңғы сағат жетіде ашылды.  Дауыс беруге асыққан жұрт жаңа басшыдан жаңашылдық күтеді. Тұрғындардың айтуынша, халық сайлаған әкім халқына жақын болуы керек. 

Қайыркен Әубәкіров, Абай қаласының тұрғыны:

– Жұмыс істеп, еңбек істейтін, халыққа еңбек ететін адамдарды сайлау керек. Мына көшелерді бітіру керек, жыл сайын ақша алады, неге бітпейді? Сосын ана үйлерді жасайды орталық, ал іштегі үйлер сол беті қалады, ол немене? Ондай деген жарамайды.

Манарбек Балта, Абай қаласының тұрғыны:

– Қандайда болсын лидерді халық өзі таңдап, сайлағаны дұрыс. Ертең ешқандай сұрақ туындамайды, ешкімнен көрмейміз, неге қойды ол кісіні деп. Осындай саясат дұрыс деп ойлаймын.

Абай қаласында  шамамен 28 мың адам тұрады. Оның 19 мыңы дауыс беруге құқылы.  19 сайлау учаскесі дайындалып, 100-ге жуық комиссия мүшесі тіркелген. Үміткерлердің сенімді өкілдері мен тәуелсіз байқаушылар сайлау барысын мұқият қадағалап отыр.

Динара Жұмағұлова, тәуелсіз байқаушы:

– Қазір жылдан-жылға саяси сауаттылық артып келеді деп ойлаймын халықтың келуіне байланысты. Қаламыздың өркендеуі тікелей басшыға байланысты ғой, сондықтан дұрыс әкім сайлайды деп ойлаймыз, халық сол үшін жанталасып, таңатпастан келіп дауыс беруде.

Валентина Аксанова, №218 сайлау учаскесінің төрайымы:

– Күні бойы дауыс беру процесі қалыпты жүрді деп айтуға негіз бар. Әсіресе егде жастардағы адамдар аса жауапты келеді. Отбасы мүшелерімен қатар келіп, таңдау жасап жатқандар бар, бұл әрине қуантады бізді. Ешқандай олқылық болған жоқ. Барлығы заң шеңберінде жүріп жатыр.

Абай қаласының әкімі болуға 4 кандидат тіркелді. Оның бірі қазіргі әкім.Ол «Аманат» партиясының мүшесі. Екеуі өзін-өзі ұсынушы және тағы біреуі «Қазақстан халқы партиясының» атынан саяси додаға түсіп жатыр. Сондай-ақ облыс бойынша барлығы 12 ауыл әкімі сайланатын болады.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбеав