Ақмола облысындағы өзендерде су деңгейі көтеріліп келеді

Ақмола облысындағы өзендерде су деңгейі көтеріліп келеді

Ақмола облысында Жабай және Қалқұтан өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп келеді.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Құзырлы орган басшылығының айтуынша, бұл даладағы қардың жаппай еруінің себебінен болып отыр. Осылайша Жабай өзеніндегі су деңгейі қазір 5, ал Қалқұтанда 4 метрден асқан. Бірақ мамандар бұдан қорқыныш жоқ, дейді. Себебі шектік өлшемге дейін әлі 1,5 метрдей бар. Оның үстіне біраз аумақтың қары еріп кеткен. Сондықтан олар қатерлі деңгейге дейін жете қоймас деп болжап отыр.

Айта кетейін, аталған өзендердің арнасынан асуы Атбасар және Астрахан аудандарына қауіп төндіреді. Ал өзге өлкелерде тасқын қаупі сейілген. Облыс бойынша қызыл судан толық құтылу үшін шамамен әлі 2 аптадан астам уақыт керек дейді құзырлы орган өкілдері.

Манарбек Шапағатов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Осы аптаның соңында өзендердегі су деңгейінің көтерілуін күтіп отырмыз. Себебі жұма күнге қарай аймақта ауа температурасы күндіз +20 градустан асса, түнде де 10 градусқа дейін жылы болады. Міне осы кезде орман алқаптары мен даланың кейбір жерлерінде қалған қар толық еріп, өзендерге құйылады. Ағын суды Атбасар мен Астраханнан аман-есен өткізсек, қауіпті аумақтарда Есіл, Жарқайың және Қорғалжын аудандары қалады. Мәселен, соңғы ауданға еріген қар суы сәуір айының соңында келуі мүмкін.