Түркістан облысы Теке ауылына газ келді

Түркістан облысындағы Теке ауылының халқы табиғи газдың тартылуын он жылдан аса уақыт тосты. Көкейкесті мәселені «QazaqGaz» компаниясы шешіп, көпшіліктің көптен күткен арманын орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мастура Жүсіпова, Теке ауылының тұрғыны: 

– 45 жыл мектепте мұғалім болдым. Оқушының алдына тап таза болып баруым керек. Пешің де үйде жылып тұруы керек, Бала шаға жылы отыруы керек. Мектепте отырғанда уайымдап отыратын едік. Ал, енді біз ойланбаймыз. Рахат бізге үйіміз жылы бір температурада тұрады. Шәйіміз қайнаулы. Бұрыңғыдай күйелеш болмаймыз. Шаршамаймыз. Біздің ауыр жұмысымызды сіздер 70 %-ке жеңілдеттіңіздер. Мынандай Рамазан айында осындай қасиетті айда бізге әкеліп үлкен сауапқа қалып отырсыздар.

Көгілдір отын жеткізіп бергендерге арналған осындай ақжарма тілек-баталар толассыз айтылып жатыр. Ал Компания басшылығы аймақты газдандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында Түркістан облысының әкімімімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Санжар Жаркешов, QAZAQGAZ ҰК АҚ басқарма төрағасы: 

– Қазақстан газ тасымалдау жүйесінің басты артерияларының бірі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралі. Ол магистраль қазіргі таңда шегінде жұмыс атқаруда. Сондықтан ол магистральда проблема да көп. Мемлекет басшысының қойған мақсаттарының бірі ресурстық базаны арттыру. Осы еліміздің тұтынушыларын газбен толық қамтамасыз ету үшін. Екінші шешім Бейнеу-Бозой-Шымкент құбырының екінші желісін салу. Сондықтан осы өңірге біз көп көңіл бөлеміз.

Жұмыс сапары барысында QazaqGaz компаниясының жетекшісі аймақтағы бірқатар өндірістік нысанды аралады. Солардың қатарында  оңтүстікке тоқтаусыз табиғи газ жеткізіп тұрған «Түркістан» компрессорлық станциясы  және «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы бар. Сонымен қатар «Интергаз Орталық Азияның» оқу өндірістік комбинатына барды. Еліміздегі газ саласына қажет мамандарды даярлайтын әмбебап кәсіптік оқу орнының жұмысымен танысты. 

Компания жетекшісі Жамбыл облысындағы іс сапары барысында «QazaqGaz» компаниясына тиесілі «Амангелді» кен орнында болды. Сонымен қатар «Қазақстан-Қытай» газ магистралінің бойындағы «Құлан» компрессорлық станциясына барды. Аталған нысан жұмысы «С» желісі арқылы жылына 20 млрд текше метр көгілдір отын өткізуге мүмкіндік береді. 

Шыңғыс Қалиден, Катерина Попкова