Атырау балықшылары алып бекіре аулады

Бүгін Атырау балықшылары салмағы 200 келіге жуық бекірені торға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бекіре тұқымдастардың ішіндегі ең ірісі және тұқымы азайып бара жатқан қорытпа балығының аналығы. Ол қазір Жайық-Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытына тапсырылды. Осы жерде аналық балықтың салмағы, бойы өлшеніп, тиісті тексеруден өткізілді. Мамандар аналықтың бойында шамамен 30 келіге жуық уылдырық бар деп отыр. Бұл – биылғы маусымдағы алғашқы ірі олжа. Бұған дейін шоқыр, орыс бекіресінің аналықтары ауланған. Жоспар бойынша зауыт жылына  3,5 млн дана бекіре тұқымдастардың шабағын өсіріп, табиғи ортаға жіберуі тиіс.

Ғилымен Сәрсемәлиев, «Жайық-Атырау» бекіре шабақтарын өсіру зауытының директоры:

Осы зауыттың бассейніне жеткіздік. Аналық толық қаралды. Енді бір-екі күнде су температурасы көтерілсе, уылыдырығын алуға кірісеміз. Шамамен айтсақ, 1 млн-ның үстінде шабақ шығуы керек. Соңғы 4-5 күнде Жайықтың деңгейі көтеріліп, балықтың жүрісі басталды деп айтуға болады.