Нұр-Сұлтанда қазақша дыбысты хатқа түсіретін технология пайдалануға берілді

Өркен Мамырбаев өзінің ғылыми зерттеулерін қазақ тілін дамытып, оны заман талабына сай қолдануға бағыттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық ғалым әзірлеген жоба дыбыстық хабарламаларды танып қана қоймай, мәтінге айналдырады. Бұл құрылғы бір мезетте екі дауысты ажыратып, мәтінді автоматты түрде екі арнаға түсіреді. Өнертабыс белгілі нидерландтық компания мамандарының назарынан тыс қалмады. Олар бұл өнімді тағы да жетілдіруге – ұсыныс  жасады. Алдағы уақытта шетелдік кәсіпорын бұл жүйені өзінің технологияларымен біріктірмек.

Өркен Мамырбаев, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты бас директорының орынбасары:

Мен докторантураға түскенде осы бағытта жұмыс істеу туралы ойға келдім. Түрлі елге барып, осы тәріздес жобалармен таныстым. Қазір бұл жүйе дауыстық хабарламалардың 60%-ін таниды. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Жобаны әлі де жалғастырамын. Алдағы уақытта технологияны тағы бірқатар мессенджерлерге енгізу жоспарда бар.

Айта кетерлігі, жаңа жүйе еліміздің Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаражатына жүзеге асқан. Ол үшін 2018 жылы Өркен Мамырбаевтың зерттеу тобына 54 миллион теңге берілген.

Серік Азамбаев, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің басқарма басшысы:

Қазіргі таңда да 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында бұл ғылыми ұйым қызметкерлері жобаны одан әрі жалғастырып, сол жобаны жүзеге асыруда. Оның тақырыбы IT саласына жақын, 75 млн-ға жуық қаражат бөлінген болатын.

Қазір жауапты ведомствоның қаражаты есебінен мыңнан астам тың жоба жүзеге асып жатыр. Олар коронавирусқа қарсы препараттар, гуманитарлық зерттеу, шикізатты өңдеу, айти салаларын қамтиды. Бұл мақсаттарға 88 миллиард теңге бөлінген.

Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев