Алматыда жетілдірілген капсулалық эндоскопияның таныстырылымы өтті

Қазақстандық дәрігерлер  капсулалық эндоскопияны  2014 жылдан бері қолданып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асқазан-ішек жолдары ауыратын науқас зонд жұтқанда қиналатындығы белгілі. Ал, бұл әдіс бойынша оған бейнекамера орнатылған капсула беріледі. Ол арқылы асқазан мен ішек жолдары толығымен тексеріледі. Зерттеу кезінде науқас ешқандай  ауыртпалықты сезінбейді.  Ал, енді бұл технология тағы да жетілдіріле түсті.

Петр Щербаков, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақстан да капсулалық эндоскопияның жаңа әдістерін толығымен қолдана алады. Мен мұнда арнайы оқып келген  гастроэнтерологияда тәжірибесі бар  білікті мамандардың болғанына қуаныштымын.  Бастысы дәрігер асқазан-ішек жолдарының анатомиясын өте жақсы білуі тиіс. Сонда ешқандай қиындық болмайды.

Зерттеу жүргізетін күні науқастың беліне мәліметтерді жазып отыратын құрылғы ілінеді. Бұрынғыдай капсула беріледі. Smart Capsule ішек арқылы шамамен 8 сағат бойы қозғалады. Осы уақыт ішінде 4K форматында 80 мыңға жуық сурет түсіреді. 

Владислав Зелинский, Эндоскопия бөлімінің меңгерушісі:

Капсулалық эндоскопия қаншалықты қымбат болса да, қаншалықты күрделі болса да, науқастарға  диагностика жасау мен емдеуде үлкен көмек екенін баса айтқым келеді. Бізге жылына ауруына шипа іздеген мыңдаған науқас келеді. Әрине, олардың ауру белгілеріне қарай капсулалық эндоскопияны жүргіземіз.

Дегенмен медицинадағы бұл жаңа технологияны кез келгеннің қалтасы көтере бермейді.  Себебі бағасы қымбат. Сондықтан мамандар оны мемлекет кепілдік берген тегін медициналық қызметтердің қатарына қосуды сұрайды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон