Павлодар іргесіндегі шағын аудан үйлері он жылдан бері жылу жүйесіне қосылмаған

Кәріз жүйесі де жоқ. Жарық тек орталық көшеге берілген. Халық он жылдан бері осылай күн көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке тұрғын үй қалашығы туралы тілшілеріміз екі жыл бұрын материал дайындаған болатын. Сол кезде шенеуніктер мәселе шешіледі деп уәде берген. Бірақ жағдай әлі өзгермеді.

Алты баланың әкесі Жұмабек Айдарханов үш жыл бұрын 15 сотық жерді сатып алған. Үй салып, түтінін түтетті. Бірақ жайлы өмір сүремін деген көңілі су сепкендей басылды.

Жұмабек Айдарханов, шағын аудан тұрғыны:

- Жерді алған кезде айтылған, орталық жылу, суларың болады деп. Үй болып кіріп алсаңдар болды деді. Рұқсат береміз деді. Жылу жоқ, кәріз жүйесі жоқ. Осылай жүреміз, алысып.

Осы ауданнан жер телімін сатып алағандарға су мен жылу болады деп билік уәде берген. Алайда тек қағаз жүзінде болып шықты.

Өмірбай Мүслімов, шағын аудан тұрғыны:

- 15-20 жыл өтті. Бес-алты облыс әкімі орнынан босатылып кетті.Ойлағанбыз, қаланың шетінде жақсы бір үй саламыз деп. Содан бері шашылып жатырмыз.

Павлодар халықаралық әуежайының жанындағы шағын ауданда 500 учаске бар. Бүгінде 100-ден астам учаске игеріліп, баспана бой көтерген. Тұрғындар бірлесіп бастамашыл топ та құрған. Мәселелерін баяндап, ресми хат жазудан жалыққан. Себебі елеген ешкім жоқ.

Мақсат Ешмұратов, бастамашыл топ жетекшісі:

- Орталық су жүйесі тартылды. Бірақ учаскелердің тең жартысына жетпеген. Кәріз жүйесі кезінде салынған. Дегенмен сол күйі қосылмады. Инженерлік желілер жоқ деуге болады. Неге қослымағаны бізге түсініксіз. Негізгі мәселе - жылу. Облыс әкіміне хат жібердік. Үмітіміз үзілді.

Жылу магистралі кезінде салынған. Жылу электр станциясынан құбыр да тартылған. Қыруар қаржы да жұмсалған. Сол кездегі инженерлік инфрақұрылымды бұл бетон тастар ғана еске салады. Қараусыз қалған коммуникацияның бір бөлігі қолды болды. Тұрғындардың пікірінше, желіні төрт шақырымдық жердегі Достық шағын ауданынан тартып, мәселені шешуге болады. Бірақ шенеуніктердің жоспары басқа.

Абылай Мүшкенов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Инженерлік желілерді тарту бойынша жоба жүзеге асырылуда. Қазір аяқталуға жақын. Мемлекеттік сараптама оң нәтиже көрсеткен соң бюджеттік өтініш жасалады. Жоба шеңберінде жылу, су және кәріз жүйелері салынады. Қаржы бөлінген соң құрылыс басталады. Қаражат республикалық және облыстық бюджеттен бөлінеді деп күтілуде.

Бұл үш жыл бұрын осы аумақты игеру үшін коттедж қалашығы бой көтерген. Осындай екі қабатты 60 үй салынған. Десе де, жергілікті әкімдіктің оптимистік жоспары құрдымға кетті. Бағасы 10 млн теңгеден асатын баспаналар әлі күнге дейін бос тұр. Тұрғындар өз күшімен күзетуге мәжбүр. Халық нысандар жылу желілері сияқты талан-таражға кете ме деп алаңдаулы.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат