Шымкентте хайуанаттар бағының қызметкерлері құстың өлексесі үшін сөгіс алды

Келушілер өлі құстың видеосын әлеуметтік желіге таратып жіберген еді. Желі қолданушылары құсты күні бойы байқамаған қызметкерлерді айыптап жатыр. 

Видеоны түсірген Диана Мирсиева зообақтағы аң мен құстың жағдайы аянышты дейді. Тіпті тауыстың жатып қалған денесін көргенде көзге  жас келгенін айтады. Ашыққан хайуанаттарды аяп отыра бермей, бөлінген қыруар қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау керек дейді ол.

Диана Мирсиева, қала тұрғыны:

- Өлген тауысты қалай байқамауға болады. Өлексесіне қарасаңыз, бір немесе екі күн жатты деп айта алмас едіңіз. Шыбындар үймелеп, шіріп жатыр ғой.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері аң-құсты күнде санап шығатындарын айтады. Сондықтан тауыстың жоғалғанын бірден байқаған. Бірақ іздеп таба алмадық деп отыр. Ал өлексені шіріп жатыр деген адамның пікірімен келіспейді. 

Зүлфия Ғаниева, зообақ директорының орынбасары:

- Өкінішке қарай жануарларымыз сөйлей алмайды. Бірақ әркімнің өз пікірі бар. Біреуге ұнамаса, енді біреулер хайуанаттар бағындағы жағымды өзгерістерді мақтап кетеді. Біз аңдарға уақытылы тамағын беріп, дұрыс қараймыз. Ал тауысқа қатысты қызметкерлерімізге сөгіс бердік.

Ал хайуанаттар бағына келген қонақтардың пікірі әртүрлі. Бірі жағымсыз иіс туралы айтса, енді біріне аңдардың күтімі ұнамайды. Айта кетейік, аумағы 30 гектардан асатын зообаққа 2013 жылдан бері күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бірақ бұрын тапсырылған ғимараттарды қайта жөндейтін уақыт болған.  

Ирина Алдажұманова, қала тұрғыны:

- Хайуанаттар бағының өзі таза. Аң торлары да көзге таза болып көрінеді. Бірақ қолқаны қабатын қолаңса иістің шығатыны өтірік емес. Әсіресе жаз айларында. Сондықтан біз көктем күндерінде келуге тырысамыз.

Табиғатты қорғаушылар аң-құсты қолдан тамақтандыруға болмайды дейді.  Себебі жануарлардың тамақ рационы бұзылуы мүмкін. Тіпті, шулы дыбыс пен  музыкалық аттракциондардың кері әсері бар екен. Бұған дейінгі жүргізілген тексеруде ол үшін шара қолданылған.

Бақыт Мұсалиев, облыстық ОШ және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Көбінесе біздегі азаматтар түсіне бермейді. Қолдан азықтандырып, тамақтандырғанды дұрыс көреді. Сол тамақтандырудың әсерінен пакет жеп қойып өлгендері бар, біздегі су сиыры баклашка жеп қойып, оны қорыта алмаудың әсерінен өлген жолдары бар. Сондай жағдайлар болып тұрады.

Хайуанаттар бағын күтіп ұстау үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін нақты біле алмадық. Бірақ мемлекеттік сатып алу сайтында жануарлардың тоя тамақтануы үшін түрлі сауда жүргізілген. Қой еті мен жылқы, сиыр еттерінен бастап, балық пен дәрумендер, жеміс-жидек пен шай да сатып алынған. Бірақ зообақта тамақты сақтау орнынан бұл ас-ауқатты көрмедік.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашыбекұлы