Алматылық 14 жастағы нумизмат 400-ге жуық монета жинаған

Коллекционер болу тарихты танып білуге көмектеседі. Біліміңді толықтыруға жетелейді. Алматылық 14 жасар Леонид Ярухин осылай дейді. Ол нумизматикамен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, монета жинайды. Леонид ескі тиын-тебендерді өзі іздеп табуға тырысады. Қазір оның қолында 400-ге жуық монета бар.

Леонид ең алғашқы монетаны 4 жасында бақшадан тауып алған. Ол 1738 жылы шыққан Польша монетасы болған. Ал 11 жасынан бастап нумизматикаға шындап бет бұра бастапты. Бас кезінде ескі тиын-тебендерді өзі демалуға барған өзен-көлдердің жағалауынан іздейтін. Кейіннен ата-анасының кеңесімен ескі елді мекендердің маңын қарауға шығып, іздеп таба бастаған.

Леонид Ярухин, нумизмат:

- Алдымен картамен ол жерде не болғанын қарап аламыз. Содан кейін ғана жолға шығамыз. Осы коллекцияның арқасында талай жерге бардым. Дүниетанымым толықты. Бұхар хандығы, жоңғар шапқыншылығы мен ескі қалалар туралы оқыдым. Монетадан бөлек әшекей бұйымдар мен садақ жебесінің ұштарын да жинап жүрмін. Оның біразы өзім оқитын мектептің музейінде тұр.  

Леонидтің коллекциясындағы монеталардың ең көнесі 7-ғасырға тиесілі. Өзінің айтуынша, қазіргі қолда бар 400-ге жуық монетаның әрқайсысының тарихы бар. Ол ескі тиынды тауып қана қоймай, оның неден жасалғанын, қай заманда, кімдер ұстағанына дейін зерттеп біледі. Сол дәуірдің тарихын мұқият оқиды. Оның жинағында бірнеше ғасыр бұрын жасалған тиындардан бөлек, Қазақстанның Ұлттық банкі айналымға шығарған коллекциялық және инвестициялық монеталар бар. Әкесі оның барлық бастамасын үнемі қолдап отырады.    

Михаил Ярухин, қала тұрғыны:

- Оның коллекция жинауға деген құлшынысын байқаған соң барынша қолдау көрсетуге тырысып келемін. Нумизмат бір адам металл іздейтін арнайы құрал сыйлады. Енді жаз шықса монета іздеуге шығамыз деп отырмыз. Менің ойымша, әр баланың өзінің сүйікті бір ісі болуы тиіс. Сонда ол бос уақытын телефонмен өткізбей, өзін-өзі дамытуға жұмсайды. Леонид – бірінші топтағы мүгедек. Бірақ оның нумизмат болуына ешқандай кедергі жоқ.  

Қазір Леонид 8-сыныпта оқиды. Жүріп тұруы-қиын болғандықтан мұғалімдер оны үйге келіп оқытады. Қоларбада отырғаным білім алуыма ешқандай кедерге келтірмейді дейді Леонидтің өзі. Биылғы оқу жылын өте жақсы бағамен аяқтамақ. Ол болашағын тарихпен байланыстырады. Осы салада білім алып, ғылыммен айналысқысы келеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев