Түркістан облысында тасқыннан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі

Толассыз жауған жаңбырдан Сарапхана ауылдық округіне қарасты Жіңішке елді мекенінің тұрғындары да зардап – шекті. Сай-саладан аққан тасқын су арықтарға сыймай ауылдың ішіне жайылып, үйлердің ауласы ми батпаққа толды. Ауыл тұрғыны Еркебек Үркімбаев әр ауданнан келген ерікті жастар бірнеше күннен бері қора-қопсы мен үй іргелерін тазалап жатқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркебек Үркімбаев, Жіңішке ауылының тұрғыны:

Көріп тұрсыздар ғой міне, аула, асхана, сарайға дейін кірді. Келмеді, басқа қылды деп ешкімді жамандай алмаймын. Барлығы келіп хабар алып тұр. Адамдар келіп әрекет жасап, техника жіберіп, сыртқа шығарып жатыр. Барлығы жақсы.

Сусар Жонасова, Жіңішке ауылының тұрғыны:

Гаражымыз бен бақшамыздың бәрі лайға толған еді. Екі күндей бір балалар келіп, жұмыс істеді айналайындар. Еріктіміз дей ме, волонтермыз дей ме. Сыртқа шығарып жатыр. Әйтеуір көмектесіп жатыр. Барлығыңа рахмет.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 5 аудан мен облыс әкімдігінің 5 басқармасынан 887 адам мен 58 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 350-і еріктілер.

Бақдәулет Өміртай, ерікті:

Үйлерге көмектесіп жатырмыз, қолымыздан келгенше халықпен бірге. 2-3 күн болды осы жерде жүргенімізге. Селден қалған байды тазалап жатырмыз. – Осында жатып жұмыс істеп жатырсыңдар ма? Иа, жатып жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы табиғи апат кезінде 11 елді мекенде 41 үй мен 71 қора-жайды су басты. 28 асхана мен 1 коммерциялық нысан зардап шекті. Арасында құлағандары да бар. 

Қатты нөсер жауынның салдарынан Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар елді мекеніндегі мына үй қираған болатын. Бұдан бөлек осы ауылдағы тағы бір үй жарамсыз болып қалған. Бұл үйлер ылдида орналасқандықтан мамандар бұл жерге үй салуға болмайды деп шешкен. Енді жергілікті билік баспанасыз қалған екі отбасына осы ауылдың басқа жерінен үй салып бермек.

Орынбасар Ақтанбаев, Заңғар ауылының тұрғыны:

Үйде 6 адамбыз. –Қазір қайда тұрып жатырсыздар? Анау қия беткейде ағамыздың үйі бар, сонда тұрып жатырмыз. Мүлкіміздің барлығы осы судың астында қалды. Басқа жерден үй салып береміз деп жатыр.

Мамандар зақымданған тағы 5 үйді Қазақ мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты мен бірге зерттеу қажет екенін айтады. Егер апатты болса баспана иелеріне өтемақы төленеді. Бүлінген нысандарды қалпына келтіру үшін тұрғындарға қосымша шлакоблок, шифер, цемент материалдары берілмек. Одан бөлек, қырылған малдың өтемақысын төлеу нарықтық бағаға сай жүргізіледі.

Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі:

Мысалы үшін қойға 40 мың теңгеден, қозыларға 10 мыңнан, ешкінің басына 20 мың теңгеден, лағына 10 мың, 1 жасар танаға 80 мың, 2жасар танаға 130 мың, құлын, тайларға 150 мың теңге көлемінде өтемақы төлейміз деп біз комиссия солай шешім шығардық. 

Жалпы аудан бойынша 468 уақ мал, 5 ірі қара, 2 жылқы, 17 тауық шығыны анықталды. Қазығұрттағы селден зардап шеккен тұрғындармен кездескен өңір басшысы барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Жандос Авторлары: Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов