Қарағанды облысында тұрғындар жаңа үйге кіре алмай отыр

Қарағанды облысында тұрғындар жаңа үйге кіре алмай отыр

Қарағанды облысының Нұра ауданында тұрғын үй салған кәсіпкер мен әкімдік дауласып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан жүздеген отбасы баспанасын ала алмай жүр. «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлер қаңырап бос тұр. Себебі әкімдік құрылыс компаниясын сотқа беріп, нысанды қабылдамаған. Жаңагүл Малғаждарова 5 баланы бағып отырған жалғызбасты ана. Осыдан үш жыл бұрын күйеуі қайтыс болған. Үй кезегінде тұрғанына да 9 жылдың жүзі болыпты. «Кезекке менен кейін келгендер де үй алып үлгерді» – дейді. Бірақ Жаңагүлдің жанұясының мына салынып жатқан үйлердің біріне кіруге жолы болмай келеді.

Жаңагүл Малғаждарова, көп балалы ана

Күтіңіз, кезекпен келеді дейді. Бірақ адамдар алып жатыр, күйеуі бар, балалары тұрмысқа шығып кеткен. Ал мен жүрмін 5 баламен. Бәрі айтады алып жатыр ғой, саған неге бермейді деп. Мен өзім де түсінбеймін, неге бермейтінін.

Нұра ауданында баспанаға мұқтаж 500-ге жуық отбасы бар. Олар үшін салынған 40 қос үйлі жер үй әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Мердігер компания басшысы олардың жұмысын тоқтату үшін әкмідік түрлі шаралар қолданып, қыспаққа алуда дейді. Тіпті келісімшарт бойынша қазынадан бөлінуі тиіс 650 миллион теңгені кері қайтарып жіберіпті.

Рүстем Нұрланов, құрылыс компанияның директоры:

– Жұмысты тоқтатсақ, әкімшілік бізді сотқа береді жұмыс істемей жатыр деп. Облыстан бөлінген ақшаны қайтарып жатыр қайтадан ақша керек емес бізге деп. Енді бұл үйлер кезекте тұрған адамдарға қалай тапсырылады, біз соны білмей жатырмыз.

Ал аудан басшысы бұл үйлерді ішкі әрлеу жұмыстарын толық аяқтамандықтан қабылдамадық деп түсіндіреді. Биылғы құрылыс жобасындағы  түсінбеушілік те фирманың қателігінен болған дейді.

Аян Шалмағамбетов, Нұра ауданының әкімі:

– Мына үйлерге корректировка өту үшін бізге мердігер құжаттарын әкелуі тиісті құжаттарын әкелгеннен кейін бізге дәлелдеуі керек. Қанша материал, қанша жұмыс жасалғанын. Сол жұмыс істелгенде, содан кейін біз береміз. Сосын мердігер бізді сотқа берді. Сот шешімі біздің пайдамызға шешілді.

Аудан билігі де қарап қалмай, мердігердің өзін сотқа беріпті. Бірақ сот бұл шағымды негізсіз деп таныған. Десек те, кәсіпкерге жыл соңына дейін 20 үйдің құрылысын бітірсін деген шешім шығарған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков