Тышқан кемірген самса

Бұл ақтаулық тұрғынның жанайқайы. Ол 22 шағын ауданда самса сататын дүңгіршектегі жантүршігерлік жағдайды түсірген.  Бейнежазбада бәліш пен самса арасында кеміргіштердің емін-еркін тайраңдап жүргенін көруге болады.

Видео авторы Венера Қалменованың айтуынша, дүңгіршекте тышқан толып жүр. Алайда оны сатушылар елер емес. Құзырлы мекемелер де қадағаламайды. Ал адамдар еш алаңсыз ұн өнімдерін сатып алып жатыр. Сондықтан автор даладан тамақтанбауға шақырған. Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары ол жерді тексеріп, шара қолдануды сұраған. Ал санитарлық-эпидемиологиялық департамент мамандары шағын бизнес өкілдерін тексеруге тыйым салынғандығын хабарлады.

БЛИЦ

 - Шетте тұрғанынан әнеукүні шүберек алдым, Құдай сақтасын. Пісіріп сатып жатты сразу.

- Ауырып, больницаға түссең кім виноват? Оны таба алмайсың артын. Бізде бәрі нормально, жақсы деп айтады.

- Бір шара қолдану керек. СЭС тексермесе кім қадағалайды? Қаншама адам ауырып жатыр, кім біледі? Жағамызды ұстадық тышқандарды көріп.

Мәдина Рахметова, Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

- Аталған нысанға тексеру жүргізе алмаймыз. Себебі ҚР Президентітң жарлығына байланысты мораторий жарияланып отыр. Тексеру қай кезде жүргізіледі: егер де осы аталған видеоролик бойынша заңды немесе жеке тұлға арыз түсіретін болса, оның қасына дәлелді құжаттарын түсіретін болса, бейнежазбалары болса, өнімді сатып алғаны жөнінде түбіртегі болса, арызға қоса жолдап, құқықтық статистика есепке алу комитетіне арыз жодаймыз, рұқсатын аламыз.

Демек, шағым қағаз жүзінде болмай, тексеріс болмайды. Мамандар тек тұрғындарға сақ болуға шақырумен шектелді. Бірақ бүгін түсірілім тобы барған уақытта дүңгіршекті иелері темірмен қаптап, жауып қойған. Базар әкімшілігі есігін бұзып, заттарын тасып жатыр. Айтуларынша, бұл жерден алып тастайды.