Бала жолға қарай ма?

Жолдағы апат Ақмола облысында да көбейіп тұр. Жыл басынан бері 60 бала зардап шегіп, үшеуі опат болған. Мұндай оқиғалардың көбейіп кетуіне не себеп?

Жыл басынан бері өңірде балалардың қатысуымен 50-ге жуық жол-көлік апаты болды. Полиция қызметкерлері көңіл құлазытатын осындай мәліметті жария етті. Әрбір екінші жол апатына кішкентай жүргіншілердің өздері себеп болады екен. Әйтсе де, қанша ескертіліп, алдын алу шаралары өткізіліп жатса да, жүргізушілердің жауапсыздығы көбіне көп оқыс жағдайларға ұрындырып жатады.

Ерболат Құсайынов, облыстық ПД басқарма басшысының орынбасары:

- Жол-көлік оқиғаларында  үш қаза болған бала,  42 жарақат алған бала, олар жолаушылар ретінде болған. Сондықтан осы талдауды келтіре отырып,  сондай жағдайлар болған ол жүргізушілердің кінәсінен болған.

Жолда балалардың жиі зақым алуы дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, жеткіншектер жарақаты әдетте ауыр болып келеді.

Мұрат Ержанов, облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Оның ерекшелігі өте ауыр түрде өтеді. Бірнеше ағзалары  зақымданады. Емдегенде тоже біраз уақыта созылады. Өйткені бірнеше маман емге қосылады. 

Мектеп маңындағы жол өткелдері мен бағдаршам аумағы ерекше бақылауда. Өйткені көбіне осы тұстарда жол-көлік апаттары болады.

Александра Наумова, №6 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- Сынып жетекшілері ата-аналармен, балаларға  жолда қауіпсіз қозғалыс негіздерін түсіндіреді. Үйден мектепке, мектептен үйге баратын жолды, қай жерден өту керектігін, қауіпсіз бағытты  сызып көрсетіп береді. 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, балалардың қатысуымен болатын жол апат оқиғалары көктем, жазда жиілеп кетеді. Сондықтан қазірден қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. 

Мағауия Қавлиев, Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко