Құқық қорғау саласында 30 жыл қызмет еткен қарияның өмірі көпке өнеге

Құқық қорғау саласында 30 жыл қызмет еткен қарияның өмірі көпке өнеге

«Ішкі істер саласының үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» берілетін медальдің иегері. Отыз жылға жуық құқық қорғау саласында қызмет атқарған 88 жастағы Виктор Алеутдиновтың өнегелі өмірі көпке үлгі. Мереке қарсаңында қызметіне  адал, еліне  абыройлы  ардагерді өңірдегі  Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері  құттықтады.

Ішкі істер саласының ардагері, подполковник Виктор Алеутдиновтың балалық шағы майдан жылдарымен тұспа-тұс келді. Ер азаматтар жаппай соғысқа аттанғанда бұғанасы бекімеген жас балалар тылдағы ауыр еңбекке араласты. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Виктор Алеутдинов, тыл ардагері:

- Біз мектепте оқығанда отын тапшы еді. Киіммен отыратынбыз. Сия мұз болып қатып қалатын. Дәптер, кітап, сия тапшы еді. Соған қарамастан оқудан қол үзбедік. Ал 5-сыныптан бастап отын дайындау, масақ теру сияқты басқа да ұсақ жұмыстарға атсалыстық.

Виктор Алеутдинов қылмыстық атқару жүйесінде 30 жылдай еңбек еткен. Кезінде ірі кәсіпорындардың құрылысына түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар тартылған. Арнайы  контингентті жұмысқа ұйымдастырудың  өзі оңайға түспегені анық.     

Виктор Алеутдинов, тыл ардагері:

- Мені ұмытпай келіп құттықтап жатқан әріптестеріме алғысым шексіз. Көңіліме қуаныш ұялатып, денсаулығым жақсара түскендей  әсер алдым. Мен барлығын осынау ұлы мерекемен құттықтаймын. Басқа мерекелер бұған тең келмейді. Себебі біздің бақытты өмір сүруіміз үшін қаншама адамның қаны төгілді.

Иә, зейнеткерлер үшін жеңіс күнінің орыны бөлек. Ал қылмыстық атқару жүйесі тыл ардагерін әр мереке сайын құттықтап келеді. 

Әділет Мұстафинов, ҚАЖ департаментінің басшысы:

- Ол көптеген шәкірт тәрбиеледі. Бізге жүріп өткен жолының өзі өнеге. Тәжірибе алмасу үшін мекемеге шақырып, кездесулер ұйымдастырып тұрамыз.

Жасы 89-ға қараған ақсақалдың ерекше хоббиі бар. Ол өмір бойы аңшылықты серік еткен. Осы тақырыпқа бірнеше кітап та жазыпты.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат