Заң факультетін бітірген түлектердің тек 65% тиісті салада жұмыс істеуде

Еліміздің жоғары оқу орындарының заң факультетінде даярланған түлектердің 65 проценті ғана тиісті салада жұмыс істеуде.

Дипломы бар заңгерлердің қалған үштен бір бөлігі еңбек нарығына араласпаған. Бұл ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізген сараптама барысында анықталды. Сенат депутаттарынан тұратын көшпелі жұмыс тобы еліміздің бірқатар өңіріндегі жоғары оқу орнында болып, заң саласы мамандарын дайындау деңгейін бақылаған болатын. Білім министрлігі де аталған мәселе бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, соңғы уақыттта еліміздегі заңгерлер дайындайтын білім ордаларының саны 71-ден 61-ге кеміді. Сондай-ақ соңғы жылдары заңгер мамандығына мемлекеттік тапсырыс азайтылды. Сондай-ақ аталған мамандыққа түсудің шектік балы 75-ке көтерілді. Мұның бәрі талапқа сай кәсіби маман даярлауға мүмкіндік береді, дейді. 

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

- Заң саласының мамандарын дайындауда беріліп жатқан білімнің қаншалықты деңгейде екенін анықтау мақсатында бірқатар өңірлерді аралап шықтық. Еліміз бойынша 70-ке жуық білім орындары заң мамандарын дайындайды екен. Соңғы 5 жылда 82 мыңнан астам маман дайындалған. Олардың ішіндегі қызмет атқарып жатқандары сол мамандықпен жұмысқа тұрғандары 65 процентін ғана құрайды. Яғни үштен бірі талап етілмеген.