Құралайдың салқыны. Батыс Қазақстан облысында киік төлдеп жатыр

Орал популяциясына жататын ақбөкен атаулының басым бөлігі Жәнібек пен Қазталов аудандарының аумағында көшіп-қонады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше қорғауға алынған дала жануарларының саны соңғы жылдары бірнеше есеге өсті. Соған байланысты ауыл тұрғындары киіктер жайылым жерлерді отап, мал азығын даярлауға мүмкіндік бермейді деп дабыл қағып отыр. Құралайдың салқыны – киік төлін өргізетін қолайлы кезең. Көшпелі дала жануарлары дәл осы кезде жаппай төлдеп, лақтарын аяқтандырады. Ауа райы күрт құбылып, қара суық тұратын шақ олар үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені бұл кезеңде жыртқыш аң мен құс атаулының тәбеті тиылады екен. Жаңа туған төлдер әдетте осылай далада жайрап жатады. Бірақ аз уақытта аяққа тұрып, үйірге қосылады. Бір қызығы, аналықтары кез келген құралайды бауырына алып, емізіп кете береді.    

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

Орал популяциясына жататын киік саны былтырғы есеп бойынша 545 мыңға еткен. Бірақ бұл ресми дерек. Жергілікті тұрғындар бүгінде бөкен саны миллионнан асты деген пікірде. Міне, сайын далада киіктің тағы бір төлін кезіктірдік.

Киік төлдейтін шақта қорғау қызметі де күшейтілген режимге көшеді. Өйткені бұл кезде бөлек жайылатын аталықтарды нысанаға алатындар көбейеді. Бірақ басты мәселе браконьерлік әрекетте де емес. Қазір инспекторлар бөкен атаулыны басқадан бұрын шаруалардан қорғауға мәжбүр. Саны тым көбейген киіктер жайылымды отап, суаттарды суалтып бітті дейді олар.

Ғибатолла Мекетаев, шаруа қожалығының басшысы:

Бұл деген миллионнан былтыр асып кеткен нәрсе. Ол биыл қанша болғанын адам да білмейді. Азын-шоғын мал ұстаймыз, малға азық жинай алмаймыз. Шөбімізді киік жеп кеткеннен кейін өзіміз қаңғып шөп шабуға 100 шақырым жерге далаға кетеміз. Бір тал шөп бізге алтымен бірдей қазір. Солярканың құны анадай, темірдің құны мынадай. Қайырмалап ұстауға болады ғой, мына жақта бізде бос орын көп. Қопа деген жер бар Ағобаның бергі алдында. Сол жерге үйретсе үйренеді ғой.

Жақсыбек Қаратаев, шаруа қожалығының басшысы:

– Міне ерте көктемде әдейі айдап әкеліп тастай ма білмеймін, одан төлдейді айдауға болмайды дейді. Айдайық десек, жан-жағымыздан қөаумалап жетіп келеді. Біздің мәселемен басы ауырып жатқан адам жоқ. Сәпсем тығырыққа тірелдік. Енді мынау жалғаса біздер соғыс ашамыз. Басқа амал қалған жоқ. Кімге болса оған, кім келеді айдама деп, соған соғыс ашамыз. Басқа амал қалған жоқ. Жанайқайымыз жететін жер қалмаған сияқты, болған сияқтымыз біздер. 

Өзекті мәселеге қатысты киік қорғау қызметі мамандарының да айтары бар. Тәжірибелі инспектор Еркебұлан Өтеғалиев дала жануарлары жайылым жерлерді жайпап жатыр деген пікірмен мүлде келіспейді. 

Еркебұлан Өтеғалиев, «Охотзоопром» БҚО өңірлік филиалының инспекторы:

Келіспеймін! Мен осы кезге дейін неше жыл болды жұмыс істеп келе жатырмын. Тәжірибемнен байқағаным шөптерді жемейді, құлатпайды да. Мына іздерін көріп тұрсыз ғой, соқпақтары, бірінің артынан жүрген. Қиып кетті, жеп кетті деген деген сөзге сенбеймін. Қандай шөптермен қоректенеді? Киікоты деген шөбі бар, сонымен қоректенеді.

Сәкен Ділдахмет, эколог:

Жыл сайын киіктің санын белгілі бір мөлшерде реттеп тұру үшін квота сұрау керек. Соның еншісінде киіктердің санын реттеуге мүмкіндік туындайды. Басты мәселе киікті қорғау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ керек. Бұл бір жыл емес, бірнеше жыл бойы резерват құру мәселесі көтерілді. Бүгінгі күні Үкімет уақыты келді. Мынау көрші Астраханьда «Черные земли» деген заповедник бар. Ол жерде киікті қорғаумен айналысады, кәдімгі ауыл, аудандары бар.

Ал аймақ басшылары мен құзырлы органдар экология министрлігінің ресми шешімін күту қажет дейді.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

Премьер-министр іссапары кезінде осы мәселені көтеріп едік. Экология министрлігіне делегация құрамындағы егер осылай киік халықты қатты мазалайтын болса, бір шешім шығаруымыз керек. Оларға бір ай берді маусымның 1-не дейін. Экология министрлігі ПМ столына нақты шешім айтуы керек. Меніңше, киіктің санын реттеу керек.

Келер жылы киікті аулауға тиым салған мораторий уақыты бітеді. Экология министрлігі киік санын реттеуді сол кезден бастап қолға алмақ ниетте. Бірақ шекарада тұрған ауылда ши шықпас үшін мәселе тездетіп шешімін табуы тиіс. Олай болмаған күнде тартысқан тараптар жаға жыртысуға дейін баруы әбден мүмкін. Өйткені заңға қайшы әрекетке «Охотзоопром» инспекторлары жол бермеуге тырысады. Дегенмен ашынған шаруалардың бөкен атаулыны басқа жаққа айдауға бекініп, ауылды азан-қазан қылып жүргеніне куә болдық.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы,  Қанат Махмұтов,  Елдар Аюпов