Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылға интернет желісі тартылмаған

Қостанай облысында 35  елді мекенге интернет желісі тартылмаған. Өркениеттен шет қалып отырғандардың дені шалғайдағы ауылдар.

Мысалы, Аманкелді ауданының Ұштоғай ауылындағы мектеп балалары ғаламтор әлемінен хабарсыз. Ал жергілікті шаруалар электронды жүйемен басқарылатын жаңа техникаларын толыққанды іске жарата алмай отыр. 

Он екі жасар Қасым-Жомарт Тоқаев Үштоғай ауылдық мектебінде оқиды. Зерек, алғырлығымен ерекше баланың білімге деген ынтасы жоғары, дейді ұстаздары. Ел Президентімен аттас екендігін мақтан тұтады және жауапкершілігін де сезінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, оқушы:

- Менің арманым өзіммен аттас Қасым-Жомарт Тоқаевпен  кездескім келеді. Егер де кездесетін болсам ауылыма ұялы телефон байланысы мен интернет өткізіп берсе екен деп сұраймын.

Ұштоғайдағы  тоғыз жылдық негізгі мектепте елуден астам оқушы бар. Міне осы балалар әлі күнге интернеттің игілігін көре алмай отыр. Ақпараттық технологияның даму үрдісінен ауыл жастары  қалыс қала ма –деп алаңдайды ұстаздар. 

Әділхан Әбдіғалымұлы, мектеп директоры:

- Хабар естіп жатырмыз 200+ деген бағдарламаға кірген екен ауылымыз.Сол үміттеніп күтіп отырмыз. Бізде онлайн сабақтар болып қалады ғой кей кезде. Аяз, борандарда. Сонда жұмысымыз жеңілдейді деп ойлаймыз.

Байланыс пен интернет түйткілі  шалғайдағы шаруалардың да қолын байлап отыр. Жүйелік бағдарламалары жаңғыртылмағандықтан құны қымбат құрылғылар мен техника текке қаңтарылып тұр.

Бексұлтан Сәндібеков, шаруа: 

- Көріп тұрсыз менің артымда жаңа техника тұр. Бірақ біз оларды дұрыс пайдалана алмаймыз. Өйткені бізде сеть жоқ. Интернет жоқ. Мен өзім жас фермер болғасын бүкіл жаңа программаларды  қолданғым келеді. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ біздің ауылда.

Аманкелді ауданында 30 елді мекен болса, соның 11-де интернет әлсіз. Ал үш ауылда мүлде жоқ. 

Талғат Кәрбозов, Аманкелді ауданының әкімі:

- Осы мәселені шешу үшін жаңа өзім айтқандай тиісті құзырлы органдарға, байланыс жүйесімен айналысатын мемлекеттік органдарға шыққан болатынбыз. Сол биылғы жылы нәтижесін береді деп отырмыз.

Әкім алдағы жазда ауданда ұялы байланыс мәселесі толық шешіледі дейді. Үштоғай мен Степняк ауылына интернет биыл жеткізілсе, қалған елді мекендер келесі жылы қосылады.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг