Шымкентте жарылыстан зардап шеккендерге қаржылай көмек беріледі

Шымкентте үш адамның өмірін қиған жойқын жарылыстан тағы 7 адам түрлі дене жарақатымен ауруханада жатыр.

Оның бірі жансақтау бөлімінен күндізгі бөлімге ауыстырылды. Енді бірі реанимациялық бөлімде дәрігерлердің бақылауында.

«Науқастардың өміріне қауіп жоқ», - дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Облыстың бас дәрігері зардап шеккендерге қажетті материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қаржылай қолдау болады және несие қарыздарын өтеу мәселесі де қарастырылады деді жауаптылар. Ал облыстық №1 перинаталды орталық уақытша жабылды. Барлық материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр. 

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры:

- Барлық науқастар жағдайы тұрақты. Керекті медициналық көмектің барлығы жасалған. Ешқандай шағымдары жоқ. Әрі қарай керекті медициналық көмек керек жағдайда республикалық клиникалардан көмек береміз.

Марат Пашимов, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Кімді қайда апарады, кім қайда қаралады? Оның бәрі шешілді. Тағы қосымша айтсам, Түркістан облысының тұрғындары мен Шымкент қаласының тұрғындарына кедергі жасамаймыз. Бізге қарасты тағы екі қосымша перинаталды орталық бар. Ол Түркістанда, екіншісі қалада және қосымша облыстық клиникалық аурухана бар. Гинекологияға қарасты облыстық аурухана бар. Және балдардың облыстық ауруханасы бар Шымкентте.