Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз қоқыс полигоны көбейіп барады

450-ден астам полигон болса, оның тек 16-сында ғана тиісті құжат бар. Ал қоқыс төгетін орындарда экологиялық талап сақталмаған. Ауыл-аймақты айтпағанда, Петропавлдың өзінде тұрмыстық қалдық сұрыпталмайды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Петропавл қоқыс полигоны 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін ол 85% толған. Санитарлық-экологиялық талаптар мұнда сақталмайды. Сондықтан мамандар оны биыл жауып тастауды жоспарлап отыр.

28 гектар алқапты алып жатқан қалалық тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жиі өртенеді. Қара түтін мен жағымсыз иіс ауаға тарап, тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Мұнымен қоса мұнда пластик, полиэтилен, шыны, макулатура қабылдауға тыйым салынған. Бірақ талап орындалып жатқан жоқ. Қоқыс та сұрыпталмайды. Салдарынан жел тұрса, далаға шашылады. Олқылығы көп кәсіпорынның басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін полигон аумағына кіргізгісі келмеді.

– Выйдите с территории. Вам кто разрешал сюда заежать? Скажите мне, пожалуйста.

– А нам разрешение не надо. А кто запретил заежать?

– Выезжайте.

Кемшіліктердің саны артпаса, азаяр емес. Мәселенің шешілер түрі жоқ. Сондықтан эколог мамандар оның жұмысын тоқтатуды ұсынып отыр.

Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

- Негізгі заң бұзушылықтардың бірі – ол осы тұрмыстық қалдықтарға сұрыптау жасамау. Келесі жану фактісі. Және де осы  полигонның аумағы тұрмыстық қалдықтармен ластануы. Өз тарапымыздан сот өкілдеріне шағым жазып, осы полигонды тоқтата тұру туралы шағым жасаймыз. 

Заңсыз полигондардың бірі осыдан 15 жыл бұрын Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылы маңында пайда болған. Атқарушы билік өкілдері кезінде 8 гектардай жер учаскесін бөліп, құжаттарын сол күйі рәсімдемеген. Былтыр сот оны жабу туралы шешім шығарды. Алайда жергілікті әкімдік оны орындауға асығар емес. Ал жаңа полигон салуға 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін қаражат қажет. 

Қанат Дәрібаев, Бескөл ауылдық округінің әкімі:

- ҚР экологиялық кодексіне сәйкес, полигон салуға жер жоқ. Өйткені солтүстік бөлікте 20-25 аумақта қала орналасқан. Батыс бағытында бассейін. Яғни су арналары. Оңтүстік және шығыс бағытта Чапаев-Тайынша және Есіл ауданына қарай Смирнов мемлекеттік заказник орналасқан. Менің ойымша, заңнамаға өзгерістер енгізу керек. 

Бүгінгі күні мұнда шамамен 198 мың текше метр қоқыс жатыр. Оны тазалау үшін 200 миллион теңгедей қаражат қажет. Ал мұндай ақша жергілікті бюджетте жоқ. Жалпы қазір өңірде 454 қоқыс полигоны анықталған. Ал оның тек 16-сының рұқсат қағаздары бар. 

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев