Маймыл шешекпен күресуге дайынбыз ба? 

Коронавирустан жұрт енді ғана ес жиа бастап еді, енді «маймыл шешек» деп аталатын вирус шығып, күллі әлемді алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті вирустың алдын алу керектігін қазақстандық мамандар жете түсінеді. Олар «маймыл шешекке» қарсы отандық вакцинаны жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетеді дейді. Маймыл шешек вирусының таралуы күн санап артып келеді, деп дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда. Қазірдің өзінде әлемнің 14 елінде 200-ден астам адам осы вирусты жұқтырған. Бір аптаның ішінде науқастардың саны екі есеге артып отыр. «Бұл қауіпті вирустың Қазақстанға келуі де ықтимал», – дейді мамандар.

Лесбек Құтымбетов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

Иә, бұл маймыл шешек вирусының Қазақстанға келу қаупі жоғары. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі барады. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз тастүйін дайын болу керекпіз. 

Қазақ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу инстутутының мамандары коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны ойлап тапқанын білесіздер. Енді маймыл шешек мәселесін ертерек қолға алуды көздеп отыр. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша маймыл шешек вирусы мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болған көрінеді. Клиникалық көрінісі бойынша маймыл шешек ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас көрінеді.

Лесбек Құтымбетов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері  ғзи аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Мәселен, сиыр шешек және маймыл шешек бір топ десек, олардың арасында иммундық антигендік байланыс бар. Сондықтан бір вирус басқа вирусқа қарсы иммунитетті оңай құра алады. Мысалы, сиыр вирусының шешек ауруына қарсы иммунитетті құрудағы белсенділігі өте жоғары.

Мамандар маймыл шешек вирусына қарсы вакцинаны жарты жылдың ішінде жасап шығуға болады деп отыр. 

Лесбек Құтымбетов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері  ғзи аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

– Егер сиыр вирусына негізделген вакцина болса онда, жеделдетілген түрде, ал ковид-19 кезіндегідей жұмыс істесек  алты айда вакцинаны дайындап шығуға болады. Одан кейін клиникаға дейінгі және  клиникалық сынақтар бар. Яғни Денсаулық сақтау министрлігіне де байланысты болады. Олар қаншалықты жылдам және бізге қаншалықты қолдау көрсетеді, мәселе сонда.

Дүниежүзілік пандемиядан кейін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай нығайып, эпидемиологтар мен дәрігерлер аса қауіпті инфекциялармен тиімді күресудің төте жолдарын тапты. Ендеше маймыл шешекпен күресуге де  мамандарымыз қабілетті деген ойдамыз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко Эдуар Кон