Павлодарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша рейд жүріп жатыр

Павлодарда ауа температурасы 30 градустан асып кетті. Бүгін, міне, үшінші күн аптап ыстық. Осы қолайсыз ауа райына шыдамаған қала тұрғындары Ертіс өзеніне келіп, шомылып жатыр. Бірақ бұл өте қауіпті. Өйткені  шомылу маусымы ресми басталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертіс суы әлі тасып жатыр. Осы қалалық жағалаудың өзінде 30 шақты қауіпті орын бар. Жуырда ғана өткізілген рейд барысында құтқарушылар мыңға тарта  ескерту қағазын таратқан.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жаз бойы жалғасады. Осы мамыр айының өзінде сексенге тарта рейд жүргізіліпті. Құрамына құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен  білім беру бөлімінің мамандары  кірген топ өзен жағалаған барлық адамдарға оқыстан келетін қауіп-қатерлер жайында баяндап, сақтыққа шақырады. 

Фархат Тілеулинов, Павлодар қалалық Білім бөлімінің әдіскері:

Жаңа ғана сынып жетекшісі оқушыларын жағажайға алып келгеніне куә болдық. Шомылу маусымы әлі басталмағанын айтып ескерту жасадық. Бәрін түсінді, қазір үйлеріне кетеді.

Биыл Павлодар облысының су айдындарында  40-қа тарта жағажай жасақталатын  болады. Сүңгуірлер барлау жұмыстарын жүргізуде. Құтқарушылар дәл осы кезеңде суға түсудің аса қауіпті екенін айтады. Өйткені су  лай, түбі  көрінбейді.

Ренат Валишанов,  Павлодар қалалық  ТЖ басқармасының басшысы:

Қайғылы жағдайлар тыйым салынған жерлерге шомылудан болады. Соған қарамастан, өткен жылы орталық жағалауда жас бала суға батып кетті. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтеміз. Барлық коммуналдық және жекеменшік жағажайлар тексеріледі.

Өткен жылы Павлодарда алты адам суға кеткен. Екеуі бала. Су қателікті кешірмейді. Әсіресе, ата-аналардың  балаларға  абай болғаны жөн, - дейді мамандар. Ал сақтық  дабылы өз жемісін береді деген  сенімде.

Теміржан Таңжанов, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

Өзінің нәтижесін беріп жатыр. Бірақ әрине, иә арасында салғырт қарайтын адамдар бар. Олар тыңдағысы келмейді. Оларға ана жадынамаларды берсең де оны оқымайды, бүктеп қалтасына сала салады. Енді оған қарамастан осы жұмысты қадағалап күнделікті жүргізіп жатырмыз.

Жағажайлар маусымның 10-нан бастап ресми түрде ашылады. Демалушыларды қабылдауға дайындық жан-жақты жүріп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков